Әлемді әбігерге салып жатқан коронавирус инфекциясының жаңа «Дельта» штамы біздің елімізде де белең алуда. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігі 1 шілдеде 414 сынаманың ПТР скринингін өткізіп, нәтижесінде 48,3% үнді штамы барлық облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында табылғанын мәлімдеді.
Мутацияның болуын және оның «Дельта» штамына жататындығын түпкілікті растау ДНҚ толық геномдық реттілігі аяқталғаннан кейін анықталады.
Мамандардың айтуынша, Дельта штамын жұқтырған науқастарда аурудың тез дамуы, ауырғандар арасында жастар санының көбеюі, ішек аурулары белгілерінің болуы байқалды. Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдер арасындағы жағдай мәз емес. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардан өзінің және жақындары мен туыстарының денсаулығына қамқорлық танытуын сұрайды.
Ал, инфекциядан қорғаудың жалғыз әдісі – ауруға қарсы вакциналау. Сонымен қатар вирустың таралу қаупін азайту үшін маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету сияқты алдын алу шараларын сақтау қажет.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша «Дельта» SARS-CoV-2 штамы әлемнің 96 елінде анықталған.
Осы орайда бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің жаңа қаулысы шықты. Онда індеттің таралуының алдын алу мақсатында вакциналау қарқынын арттыруға байланысты жаңа шектеулер енгізілген. Сонымен бірге қаулыда вакциналауға қарсы көрсетілімдердің тізбесі де бекітілді.
Құжат бойынша вакцина енгізуге қарсы көрсетілімдер мыналар: вакцинаның қандай да бір компонентіне (белсенді заттарға, қосымша заттарға) аллергия немесе осы вакцинаны алдыңғы енгізуге аллергиялық реакциялар; ауыр созылмалы аурулар немесе анамнездегі аса жоғары сезімталдық; жоғары температура немесе вакцинаны бұлшықет ішіне енгізген кезде пайда болуы мүмкін қан кету тәуекеліне байланысты аурудың жіті фазасы; жүктілік және лактация кезеңі; 18-ге дейінгілер.
Бас санитар қаулысында «вакцинациядан кейінгі ауыр асқынулар» ұғымына анықтама берілген. «Вакцинациядан кейінгі ауыр асқынулар (анафилактикалық шок, ауыр жайылған аллергиялық реакциялар, құрысу синдромы, 40°С-тан жоғары температура)» деп жазылған құжатта. Нақтырақ айтқанда, вакцинаға қарсы тұрақты медициналық көрсетілімдері бар адамдарға екпе салдыруға болмайды. Алайда тиісті анықтаманы көрсетуі керек. Бұдан бөлек, коронавируспен ауырып шыққан адамдар да вакцинадан босатылады. Бірақ ағзадағы антиденелердің көлемі ескеріледі. Қаулыға сәйкес, коронавируспен ауырып шыққандар үш ай бойы вакцинасыз жұмысқа бара алады. Одан кейін антиденелер саны азайып, вирусты жұқтыру қаупі жоғарылайды.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<