Вакциналау аурудың алдын алады

1430

0

Қызылша – жедел дамитын жұқпалы ауру. Қоздырғышы ауру адамнан сау адамға ауа арқылы жұғады. Ауру кең өріс алған кезде қызылшаға қарсы егілмеген және иммунитеті әлсіреген адамдардың 90 пайызы ауырады. Аурудың жасырын өту кезеңі 7-28 күн аралығында, орташа 7-10 күн. Аурудың басталу кезеңі 3-5 күнге созылады, науқастың дене қызуы көтеріледі, жоғарғы тыныс жолдары қабынып, құрғақ, қақырықсыз, қатқыл жөтел пайда болады. Мұрнынан су ағып, дауысы қарлығады, ентігу, ауыз қуысы, жұтқыншақтың қызаруы, көздің қызарып, жасаурауы болады.

Аурудың өршіген кезеңінде дене қызуы жоғары деңгейге дейін көтеріліп, денеде бір-бірімен қосылған анық қызыл бөртпелер пайда болады. Бірінші күні бетке, құлақ артына, мойынға, кеуденің жоғарғы бөлігіне, екінші күні кеудеге, қолдың жоғарғы жағына, ал үшінші күні қол мен аяққа тегіс бөртпелер шығады. Үшінші күннен кейін бөртпелер біртіндеп қайта бастайды. Теріде дақтар қалады, аурудың айналасындағыларға денесінде бөртпе пайда болғанға дейін 4 күн, бөртпе пайда болғаннан кейін 4 күн ішінде ауру жұқтыру қаупі жоғары болады. Сондықтан ауру белгілері байқалғанда тез арада дәрігерге көріну қажет.

Қызылша мен қызамық ауруынан сақтанудың ең тиімді жолы және негізгі қорғану тәсілі– балаларға қызылша, қызамық  ауруларына қарсы екпе салдыру. Қызылшамен ауырған бала айналасындағы сау балалар үшін бірінші күннен бастап қауіпті. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері білінісімен ата-анасы жылдам учаскелік дәрігерге хабарлау керек. Баланы сау балалардан оқшаулап, бөлек бөлмеде ұстаған жөн. Ауру баламен бірге болған балалар 17 күн бойы балабақшаға, мектепке жіберілмейді.

Қызылшамен ауырған бала үйде міндетті түрде дәрігердің бақылауымен емделеді. Егер баланың жағдайы нашарласа, онда ол аурухананың оқшауланған бөлмесіне орналастырылады. Негізінен ауырған бала алғашқы күннен бастап төсекте жатуы тиіс. Төсек-орнын жиі-жиі ауыстыруды ұмытпау керек. Бөлменің ауасын жиі-жиі тазартып, күн сайын еденді, терезені, есікті сулы шүберекпен сүртіп отырады. Терезеден бөлмеге күн сәулесі жақсы түсуі тиіс, бірақ оның баланың бетіне түспегені дұрыс. Сырқаттанған бала шуды жақтырмайды, сондықтан да үйде тыныштық болғаны жөн. Сонымен бірге тұмауратқан немесе тағы да басқа сырқаттармен ауырып жүрген адамдардың науқас баланың қасына баруына болмайды. Өйткені ауырып, қорғаныс күші әлсіреген бала басқа ауру жұқтырып, жағдайын бұрынғыдан да нашарлатып алуы мүмкін.

Самалбек ӨМІРБАЕВ,

Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<