Уақтылы вакцинация қызылшадан қорғайды – қызылордалық маман

3138

0

Фото: Pexels

Қазіргі күндері елімізде қызылша ауруы белең алып тұрғаны белгілі. Вирустық инфекциялық ауру қандай жағдайда адамдар аарсында көп таралуы мүмкін? Осыған байланысты Kazinform Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Динара Жанабергенованы әңгімеге тартқан еді.

– Алдымен қызылша ауруының ерекшелігіне тоқтала кеткеніңіз артық болмас. Ол қандай жағдайда адамдарға жұғады? Одан қалай сақтануға болады?

– Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға ауа тамшысы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.

Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгісі және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымдарын орындау керек.

– Оны жұқтырып алудың алғашқы белгісі қандай?

– Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгісі бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеуге кеңес береміз.

Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуалдың тек біздің елде емес, бүкіләлемде күрделеніп отыр. Себебі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп, екпеден бас тартушылар санының артуымен байланыстырады. Ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын, ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобында екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар көп.

– Дәрігерлер одан сақтану тиімді жолы ретінде уақтылы вакцинация алу қажет екендігін айтады. Бұл жөнінде пікіріңіз қандай?

– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақтылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жіргізіледі. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз, тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады. Адам өз өмірін сақтап қалудан бас тартпауы керек. Екпенің көмегімен ауыр асқынулардың, мүгедектікке ұшыраудың, тіпті өлімнің алдын алуға болады.

Халықты толық вакциналау нәтижесінде «ұжымдық иммунитет» қалыптасады. Ауруды тасымалдау деңгейі төмендейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, иммундау жыл сайын 2-3 миллионға дейін өлім жағдайының алдын алуға мүмкіндік береді.
Соған қарамастан, кейбір тұрғындар жалпы профилактикалық шараларға көңіл бөліп, өздерін және балаларын вакцинациялау қажеттілігінен күмәнданып қорқады. Қазақстанда, вакцинациямен қамтылудың үлкен көлеміне қарамастан, түрлі себеппен вакцинацияға келмейтін халықтың бөлігі бар. Бұл инфекциялық аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Дене шынықтыру, спорт, дұрыс тамақтану және т.б. иммунитетті көтеретіні анық. Бірақ спецификалық инфекция қоздырғышынан үнемі қорғай алмайды. Мысалы, қызылша ауруының қоздырғышымен кездескен кезде екпе салынбаған адамның 95%-ы сырқаттануы мүмкін.

Бала кезінде алған екпелер өмір бойына кейбір инфекцияларға қарсы иммунитеттің негізін қалыптастырады. Вакцинаны салған кезде иммунитет қалыптаса бастайды. Қорғаушы антиденелер пайда болады. Олар әртүрлі ауру қоздырғышына жеке қарсы тұрады. Кездескенде оларды жылдам әлсіздендіріп, аурудың дамуына жол бермейді. Сондай-ақ, кейбір вакциналар белгілі уақыттан кейін нығайтушы екпелерді қажет ететінін айта кету керек. Өйткені, уақыт өткен сайын иммунитет әлсірейді және қорғаныс қабілеті жеткіліксіз болады. Мысалы, дифтерия және сіреспеге қарсы екпелер 16 жастан бастап әрбір 10 жыл сайын жүргізіледі. Ол алпыс жасқа дейін қайталанып салынады. Әрбір адам вакцина сала отырып, инфекциялардан өзін ғана емес өзгелерді де қорғайтынын түсінуі қажет. Ата-аналар өз балаларына жауапты, бұдан бөлек басқа да жауапкершілікті ұмытпаулары қажет. Екпе салынбаған бала басқа жеткіншіктерге қауіп төндіруі мүмкін. Көптеген тұрғындардың ақылмен шеше білуі көптеген инфекциялық аурулардың таралуына жақсы тойтарыс береді.

– Қызылша ауруының Қызылорда облысында таралу жағдайы қандай? Оның алдын алу бағытында қандай жұмыстар жасалуда?

– Жыл басынан бері Қызылорда облысында лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 1182 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 1035 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Қызылша індетіне шалдыққандардың басым бөлігі ауруға қарсы екпе алмаған. Олардың саны жалпы сырқаттанушылықтың 80%-ын құрады.

Аурудан сақтанудың басты жолы ретінде тиісті контингенттер арасында қосымша жаппай иммундау 6 қарашадан басталды. Нәтижесінде 20834 адам қызылшаға қарсы екпе алды. Оның ішінде 6-11 айлық балалар саны – 5306, 2-4 жас аралығындағы балалар үлесі – 14758, медициналық қызметкерлер көрсеткіш і– 665 адамды құрады. Иммундау шарасы әлі де жалғасып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<