Мейіргерлік мамандыққа деген адалдығы мен кәсіби біліктілігі арқылы өзгелерге үлгі болып жүрген Ақмарал Дарханбаева облыстық көпбейінді аурухананың 1-терапия бөлімінде 2014 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келеді.
Ол өз қызметін зор жауапкершілікпен атқарады. Әр науқастың жағдайына ерекше көңіл бөліп, олардың сауығып кетуіне көмектеседі. Оның мейірімді көзқарасы мен жылы сөзі талай жанға үміт сыйлап, қуат бергені сөзсіз. Солардың қатарында мен де бармын.
Дана халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаса керек. Өйткені емделушінің сауығып кетуіне ішкен дәрісі мен салған ине аздық етеді. Бұл ретте Ақмарал Мұсақызын білікті маман ғана емес, адам жанын түсінетін психолог ретінде тани бастайсың. Күнделікті жұмыста еңбекпен көзге түсіп жүрген мейіргер әріптестері арасында да зор құрметке ие. Дәрігерлердің сенімді серігі ретінде емдеу үдерісін сапалы жүргізуге өз үлесін қосып келеді.
Науқастардың алғысына бөленген Ақмарал Мұсақызы – өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен дараланған жан. Оның еңбекқорлығы мен адамгершілік қасиеті бүгінгі денсаулық сақтау саласының басты тіректерінің бірі десем, қате айтқаным емес. Ақ халатты абзал жанның еңбегі елеусіз қалмай, лайықты бағасын аларына сенемін.
Азамат ӘУЕЗХАНОВ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<