Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың шұғыл тапсырмасы мен құрылған провизорлық стационар бесқабатты студенттер жатақханада орналасқан. Әр қабаттың коридоры кең, бөлмелері ауқымды, ішкі жуынатын жері бөлек орналасқан ғимараттың ауырғандардың еміне де, дәрігерлердің еркін қимылдауына да кедергі емес еді. Осы стационар қызметіне жауапты болып Әділбай Медетбаев бекітілді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры өзіне осылайша күрделі кезеңде тағы жауапты қызметті қосымша қабылдап алғаны бар.
Содан не болды дейсіз?! Қаладағы Қорқыт ата атындағы университеттің №5 жатақханасын 1 шілдеден бастап 360 емделушіге арналған провизорлық орталыққа айналдырғанын жоғарыда айтқанбыз. Фототілші әріптесім Нұрболатпен бірге осында арнайы болған едік.
Ал енді стационар жұмысындағы жанкешті дәрігерлер туралы жазуымыз газет бетіне хатталар тұста ондағы емделушілердің барлығының жазылып шығуы, олардың алғысқа толы бейнеүндеулері қуанышты жаңалыққа айналды. Әрине, бұның бәрі – басшылықтың табанды бастамасы мен ақ халатты жандардың күш-жігерінің көрінісі. Шын мәнінде стационар жұмысы қалай жүргізілген еді? Сараптап, ой таразысына салған едік.
– Дәл сол 1 шілдеде жатақхананың бірінші қабатын фильтрге дайындап бола салысымен ауырғандар ағыл-тегіл келе бастады. Тіркескен жедел жәрдем көлігі есік алдына толып тұрды. Сенсеңіз, алғашқы күні таңғы сағат 8-де жедел жәрдемге команда берілген. Бес минут ішінде бес көлік келді. Қарамағымдағы қызметкерлердің көбісі әлі ғимарат ішін дайындап жатты. Өзім алғашқы науқастарды қабылдай бастадым. Қараңыз, түскі он екіге дейін 25-тен астам адам бізге орналасып үлгерді.
Рас, орталық ашылған бірінші аптада дәрі тапшылығы байқалып, керек препараттарды өзіміздің дәрі-дәрмек қорынан алдық. Екі-үш күн ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы қаладағы арнайы қоймадан дәрі-дәрмек, жеке сақтандыру киімі сияқты қажетті жабдықтардың бәрін жеткізді. Аса қажетті оттегі тасымалдауға кәсіпкерлер қол ұшын созды, – дейді бас дәрігер Әділбай Медетбаев.
Стационарға науқас тәуліктің қай мезгілінде келіп түссе де, ең бірінші өкпесі рентген құрылғысы арқылы тексеріледі. Алдымен ең төменгі қабаттағы фильтрге орналастырылып, коронавирус инфекциясы бар-жоғын анықтайтын тест алынады. Егер сырқаттың талдамасы теріс болған жағдайда, стационарда қалдырылып, жоғарғы қабаттағы палаталардың біріне орналасады. Талдама оң нәтиже көрсетсе, науқас қала бойынша екі үлкен инфекциялық стационардың біріне жеткізіледі.
– Осында ем жүргізген барлық дәрігер мен медициналық қызметкерлер жатақхананың бесінші қабатында орналасты. Үйіне бармай, арнайы соңғы қабатта дайындалған демалыс орнында тынықты. Талапқа сәйкес, медицина қызметкерлерінің сыртқа шығуына болмайды. Олардың жатын орны, үш мезгіл тамақ беру мәселесі шешілген. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен волонтерлар, қала тұрғындары дәрігерлердің иммунитетін көтеру мақсатында ас-сумен қамтып, барлық керектіні жеткізіп тұрды. Оларға барлық әріптестер атынан мың алғыс. Шілденің 1-і мен 16-сы аралығында бірінші бригада жұмыс істеген еді. 7 дәрігер, 90 медбике мен санитарлық қызметкерлер тапжылмай науқастарға қызмет қылды. Шыны керек, олар қатты шаршаса да, емделушілерге шын жаны ашығандықтан өз міндет-парызын адал атқарды десек әбден болады, – деді Ә.Медетбаев.
Медетбаев мақтан еткен медицина қызметкерлері шынымен ерлепті. Қаршадай жас мейірбекелер ауыр оттегі толтырылған баллонды жоғары қабатқа өздері көтеріп шыққан. Адам жанына араша болған дәрігерлер ауысым кезінде демалыс орнына талықсып жететін дейді мұндағылар.
– Провизорлық стационарда орталықтандырылған оттегі болмағандықтан, бастапқы кезде баллон пайдаландық. Негізі бұл қауіпті нәрсе. Лифт болмағандықтан, оттегіні 4-5 қабатқа көтеру қиындық тудыратын. Қыздарымыз жігіттермен бірлесіп, алғашқы қиын күндері өздері көтерісетін. Соңғы келген жаңа аппараттар қолдануға өте қолайлы. Салмағы 17 килограмм. Әрі-бері ауыстыру да қиындық тудырмайды. Бір мезетте екі науқасқа оттегі береді, – деді Әділбай Медетбаев ендігі сөзінде.
Бұл емдеу орнында заманауи рентген құрылғысы, сондай-ақ, коронавирус инфекциясына талдама алатын лаборатория бар. Алғашқы уақытта ПТР тест қорытындысы 3-4 күнде келсе, кейінгі күндері бір тәулікке жетпейтін уақытта нәтижесін көре алады. Тіпті, азанда тапсырған сынама қорытындысы кешке дейін дайын болады. Провизорлық стационар тек қала тұрғындарына ғана емес аймақ бойынша науқастарды қабылдапты.
Олар шынымен
қорықты
Орталықта ең көп науқас түскен уақыт сол біз айтқан шілденің басы екен. Бас дәрігердің айтуынша, бір күнде 320 науқасқа дейін ем қабылдапты. Жазылғандардың орнына жылдам келесі науқас ауыстырылған.
– Бұл бір жиырма минут жаңбыр жауып, селдетіп, жан-жағын бүлдіретін уақыт мезгілі сияқты еді. 20 шілдеге дейін осылай қиындық өтті, аурумен алысқандар саны күрт көтерілді. Кейінгі он күндікте науқастар саны біртіндеп азая бастады. Бұған басты себеп – халық өз-өзін қымтап ұстап, мұның оңай жау еместігін түсінгені болды. Олар шынымен қорықты. Өйткені, көп адам арасында вирусты жеңе алмай кеткендер де бар еді. Шыны керек, біз әлі де карантин шектеулерін алмай, сақтық шараларын ұмытпаумыз керек. Бұны осылай жеңеміз, – деп және бір нақтылады дәрігер.
Айтпақшы, жедел жәрдем көліктеріне қосымша қала әкімдігіне қарасты барлық мемлекеттік қызмет машиналары көмекке келіпті. Орталықтағылар бұған да алғыс айтып үлгерді.
– Бір айға жуық уақытта 800-ден астам адам қабылдаппыз. Олардың өкпе қабынудан бөлек, қант диабеті, қан қысымының тұрақсыздығы сияқты қосымша аурулары да болды. Ең жаманы – көкірек көзің сайрап, миың жұмыс істеп тұрғанда ауа жетпей қиналу. Бастысы, аурумен күресуде жазылам деген сенім керек. Бұл өзіне де, бізге де көмектеседі. Біздегілер осылай ауырғандар тамырына дәрісін құйып қана қоймай, санасына жылы сөзін арнап, күліп жүріп қызмет етті. Өкінішке орай, үш адамнан айырылып қалдық. Оның біреуі орта жастан асқан болса, екеуі үлкен кісі, – деп толықтырды бас дәрігер.
30 жылдан бері дәрігерлік сапта жүрген Әділбай ағаның бар тілегі жұрт сақтықты әлі де ұмытпауы керек. Дендеген дерттің аптығы басылса да, денсаулық сақшысы осылай дейді.
Үміт қайта оянды
Бізге провизорлық орталықтың ішкі жұмыстарын жауапты дәрігер Болат пен бас мейірбике Ақмарал таныстырды. Онда да арнайы қорғаныш киімін киіп, он минуттан әрі бірінші қабатты ғана көрсетуге рұқсат алдық. Барлығын аралауға болмайды.
– Мен келгелі үш күн. Емдейтін дәрігеріңнің қабағының өзі түзу болса, аттай шауып кетесің. Айналайын, бұған дейін аурухана есігін аттап жүрміз ғой. Әуелде қорықтық. Аурухана жайлы жаман пікір айтуға болмайды. Баста бәріміз солай жұрттан есіткен сөзге сеніп, «өлсем үйде өлейін» дегенмін. Балалар үйде жатуыма қарсы болып, осында келдім. Әрі немерелерім, жүкті келінімді ойлап баруға келіскенмін. Пневмония болыппын. Ем жүргізді. Емнен бөлек, адам өзі кеуілге де семіреді демей ме?! Мұндағы тамақтандыратын адамы мен тазалықшысына дейін қас-қабаққа қарап күткенде, өзің де ауырдым деуге ұяласың. Алла абырой берсін бұларға. Күндіз-түні батамды беріп, рахметімді айтып отырамын, – дейді 64 жастағы Батыпа апа.
Әу баста орталыққа жастар мен орта буындағы аурулар түсе бастаған. Үлкендер мұнда келмеген. Мүмкін, қазақы түсінік пе, «жасарымды жасадым» деген ниетпен дерттің меңдеуіне үнсіз көндіккендердің үйде жатқанын да есіттік. Ал енді осы орталықтың қызметін жазылғандардан естіген қартаң кісілер де осында келген.
– Ем ұзақтығы 5-6 күн. Әр қабатта бір дәрігерден бар. Адам көп кезде екі дәрігер қызмет етті. Дәрі-дәрмек жеткілікті болды. Әсіресе, соңғы келген заманауи оттегі аппараттарының көп көмегі тиді. Одан бөлек дем алу жаттығуларын үзбей жасап, барлық талаптарды сақтауға үгіт-насихат та жүргізіп отырдық, – дейді стационардағы жауапты дәрігер Болат Мырзахметов.
Бар-жоғы он екі минут ішінде тұтас жабық қорғаныш киімі біздің тынысымызды тарылтты. Шылқыған тер бастан бақайшаққа дейін барғанын білем. Апыр-ай дестік. Он екі минут киюге шыдамаған жабық киімді мұндағылар он екі сағат киіп жүруге мәжбүр. Әрине, оларға да сақтық керек. Иә, олар тұмшаланып жүріп таза ауадан тарықса да, науқастарға дем жеткізіп, дертті жеңу жолында жанығып жүр.
Сенім сыйлай
білдік
– Аурулар көп болды. Ашылған күннен бастап 3 шілдеге дейін біз төрт қабатқа да толық науқас қабылдап болдық. Жан-жақтан төсек-жабдық келді. Үш жүзден әрі емделуші күнделікті болды. Бірі жазылса, бірі түседі. Сізге айтайын, 22 шілде күні ғана бізде 136 науқас қалды. Қатты қиналғанымыз, кислородтық баллондардың жетіспеушілігі. Бос баллон салмағының өзі тым ауыр. Соны біздің қыздар кәдімгідей жоғарыға бірлесіп, көтеріп шығатын. Бір күнде әрі кетсе, 20 адамнан анализ алып жүрсек, осы дерт күшейген күндері 70-ке жуық адамнан анализ алынды, – дейді бас мейірбике Ақмарал Маханбетжанова.
Оның айтуынша, дәрігерлердің таңғы ас пен түскі асты ішуге уақыты да болмаған. Арнайы ыдыстағы тамақ қалай келді, солай қайтатын. Тек кешкі асты ғана талғажау еткен. Онда да шаршаңқы күйде. Тәжірибесі аз, кеше келген жас маман-мейірбикелердің жылаған күндері аз болмаған.
Адам көптігі соншалық, ине егуге үлгірмейтін кездер де болды. Сондай уақытта медбикелер науқастар көңілін аулап, тіпті әзіл де айтып, көңілін көтеруге тырысыпты. Бастысы, оларға ауруды жеңуге сенім сыйлай білдік дейді орталықтағы медбикелер.
– Мұнда науқастардан шағым болмауы тиіс. Уақыт тығыз. Абдырауға жол жоқ. Бәрі бірдей. Бірі үлгірмеген уколды бірі салды. Бойына қорқыныш ұялаған барлық келушілерді жылы сөзбен жұбаттық, олар да бізге сенім артты. Дәрігерлердің арқасында олар өз отбасына оралып, тіпті, әлі күнге дейін рахметін айтып, қоңырау шалатындар жетерлік, – деп жылы жымиды мейірбике Гүлмира Абдрасулова.
«Вызов»
Осы мақаланы теріп отырып, есіме елдегі шешем түсті. Кеше ғана зейнетке шыққан ол 40 жыл ғұмырын медицина саласына арнады. Жақында ғана барғанымда көз алдымда өткен мына бір оқиға – мен үшін мақтаныш.
Кешкілік уақытта үй телефоны шырылдайды. Маған емес. Көбіне-көп шешемізге қоңыраулатады. Оны бәріміз білеміз. Үндемей, жасыл түймесін басқан бойда, Ұлекеңнің қолына ұстата қоясың.
– Әләу…
Ар жақтан ауырған адамның өзі не сол үйдің бір пендесінің даусы шығады. Біз жақтан Ұлекеңнің (шешем) үйреншікті жауабы естіледі.
– Қай жері дейсің? Дел-сал болып… Айтатыны жоқ, бұл ауру иектеп алды алаңсыз. Иә. Иә, барам ғой. Тамағың қалай?..
Сәлден соң шешемнің ауырған адамның үйіне жаяулай тартып бара жатқанын үйдегі кәрі мысыққа дейін байқар еді.
Елде тұмаумен күресіп жатқандар жетерлік. Укол алушы көп деп оралады. Тіпті, туған інісі ауырып, өзі басқа аурудың шақыртуына кеткен уақыт та болған. Екі ортада өкпе артып, «менен пәленше жақын ба еді, неге бірінші маған келмейсің?!» деген туған бауырына ашуланып, «шырағым, енді ауруды ағайынға бөліп қарайтыным жоқ» деп келте қайырғаны бар.
Міне, «доғдыр» Ұлдай зейнетке шықты. Енді пенсияға шықтым деп, қол қусырып отыра ма?! Әй, қайдам?! Науқастан «вызов» түссе, мен білетін шешем білек түріп, бара береді.
Зейнетке шығатыннан бір күн бұрын жұмыстан қуанып келгені. Сондағы айтқаны: «укол алушылар азайыпты…»
Сақтансақ қана
бәрін сақтаймыз
Иә, солай. Сақтықты ұмытпау керек. Абзалы, той-жиынға бармаңыз, өзіңізді оқшаулаңыз. «Ауырмайтын жол іздеген дұрыс». Алда-жалда дертті болып ем іздей қалсаңыз, дәрігерлердің қарап қалмасы белгілі. Айтпақшы, біздегі мәлімет бойынша, облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырған және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында барлығы 2405 төсек-орын ұйымдастырылыпты. Оның ішінде 645-і инфекциялық болса, провизорлық төсек-орын – 1760. Қазір барлық стационарларда орын тапшылығы жоқ дейді мамандар.
Солай. Дәрігерлердің жұмысы әлі де қауырт. Ауру меңдеген жанға араша болам деп арпалысады. Антына беріктік, мамандығына махаббаты оларды осы жолға алып келді.
Бұл – ел саулығының жолы!
Ержан ҚОЖАСОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<