Қазір бәріміз де деніміздің саулығы мен елдің амандығына алаңдаулымыз. Өмір мен өлім арпалысқан сәтте Жаратқаннан, сонан кейін тек қана медицина мамандарынан көмек күтетініміз рас. Бүгінде оларға артылар жүк күн сайын ауырлап барады. Жуырда ғана қызметтік борышын атқарып жүрген көпбейінді балалар ауруханасының бас мейірбикесі Гаухар Әбенова пневмония дертінен көз жұмды. Қайтпас сапарға аттанған мейірбике кеше «Парасат» орденімен марапатталды.
Бір қарағанда мейірбикенің жұмысы оңай көрінуі де мүмкін. Дәрі-дәрмек тарату, дене қызуы мен қан қысымын өлшеу, дәрі салу қайталана беретін жұмыс көрінгенімен, әрбір пациентке күтім жасау – сабырыңды сарқып, өзіңнің мінезің мен болмысыңды сынайтын іс. Жыл өткен сайын емдеу тәсілдері де өзгеретіні белгілі. Сондықтан, денсаулық күзетшілеріне қойылар басты талаптың бірі – кәсіби біліктілікті жетілдіру. Гаухар Әбенова адам өмірімен байланысты осы қызметке 25 жыл өмірін арнады.
Бала күнгі арман оның адам өмірінің арашашысы болуына жол ашты. Бір сұхбатында ол «Неге екенін қайдам, маған балаларды емдеу, адамдардың бақытты жүзін көру қатты ұнайды. Мейірбикеден науқасқа керегі де – осы, жақсы сөз айтып, жан жылуын аямау» деген екен. Гаухар өзінің адамдық парызынан, басқаларға көмектессем деген осы ниетінен өмірінің соңына дейін айнымады.
Ол 1994 жылы медучилищені қызыл дипломмен бітіріп, жолдамамен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа орналасты. Балалар бауыр аурулары бөлімшесінде күзет мейірбикесі болып еңбек етті. Содан бері оның өмірінің басым бөлігі бала өмірін қорғауға арналды. Науқас адамға ем жасау оңай емес, оның ішінде балаларға күтім жасау әлдеқайда қиын. Қай жері ауырғанын, неге жылағанын дөп басып айта алмайтын сәбилерді тынышталдырумен талай түндері ұйқысыз өтті. Ал 2018 жылы Қызылорда жоғары медициналық колледжін қолданбалы бакалавр бойынша қызыл дипломмен бітірген соң, облыстық балалар ауруханасы басшылығының шақыруымен бас мейірбике қызметіне тағайындалды. Бірге қызмет еткен әріптестерінің айтуынша, ол сырқаттарға уақытында әрі тиімді қызмет етуге барын салатын. Осы жолда Финляндияға барып шеберлігін жетілдірген, кәсіби білігі өте жоғары маман.
Жүрегі нәзік, сезімтал жандардың өнерге жақын болатыны да рас секілді. Гаухар скрипка тартқанда тыңдаған адамын баурап алатын, қабақ шытуды білмейтін мінезімен дараланатын.
Ол ауруханаға түскенше осынау күрделі қызметті қалтқысыз атқарды. Үнемі сіңлісі мен інісіне бас-көз болып, мейірбан көңілімен қамқорлық жасайтын тұңғышының бұл дерті әке мен ананың да уайымын көбейтті. Ақырында пневмония диагнозы анықталып, ауруханадағы бесінші күнінде соңғы демі үзілді. Сол күні Гаухар екі бүлдіршін қызын анасы мен бауырларына тапсырып, о дүниеге аттанды.
Жақсы адам болып ғұмыр кешу, елдің есінде тек ұмытылмайтын сәттермен сақталу – адам біткеннің арманы. Ал, Гаухар – сол арманына қол жеткізген жан.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<