Өткен тәулікте өңірде коронавирус инфекциясының 18 жағдайы анықталды. Облыс бойынша инфекциялық стационарда 163, реанимациялық төсек-орында 21 науқас ем қабылдауда. Жалпы облыс «жасыл аймақта».
Былтырдан бері шетелдік және отандық ғалымдар бұл дертпен күресу үшін вакцина жасау жолында көп тер төкті. Нәтиже – қуанарлық. Биыл ақпан айынан бастап елімізде жаппай вакциналау шарасы жүріп жатыр. Облыста вакцинаның І компоненті егілгендер саны – 385601, халықтың қамтылуы 85,2 процентті құрайды. ІІ компонентпен 320 783 адам қамтылды (70,9 процент). Одан бөлек, өткен аптада өңірге 23400 доза «Pfizer» вакцинасы келді. Бұл вакцина 12-18 жас аралығындағы балалар мен жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған.
Деректерге сүйенсек, АҚШ-та аталған екпе 8 млн-нан астам балаға салынған екен. Жалпы, бұл елде вакцина балаларға 5 жастан бастап салынса, Қытайда 3 жастан бастап егіледі. Қытайда қазан айындағы дерекке сәйкес 3-17 жас аралығындағы 60 млн-нан астам бала инактивті екпе алған. Әлемнің 20-дан астам елінде екпе балаларға 12 жастан бастап салынып жатыр. Қазақстан осы кейінгі санатқа енбек, яғни, еліміз әлемдегі індеттің құбылмалы райын ескере отырып, 12-18 жас арасындағы балалар мен жасөспірімдерді иммундауда өзге елдер секілді «Pfizer» вакцинасын пайдалануды қолға алды.
Мамандар жүкті әйел вакцина алса, баласы да коронавирусқа қарсы иммунитетпен дүниеге келетінін айтады.
– Аймақта алғашқы болып медициналық колледж студенттері екпе алуды бастады. 70 студентке ата-аналарының келісімімен вакцина салынуда. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы ұсынған «Pfizer» вакцинасының ерекшелігі – оның құрамында вирус болмайды. Бүгінде барлық емханаларда дайындық жұмыстары пысықталған. Арнайы орталық қоймаға 2 тоңазытқыш әкелінді. Өткен аптада «Pfizer»-дің 23400 дозасы жеткізілді. Ол ата-аналардың келісімімен 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге салынады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.
Вакцина салған балаларда «жасыл», «көк», «қызыл» мәртебесі бола ма? Алматы қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшиннің айтуынша, балаларға вакцина салғаннан кейін оларға мәртебе беру туралы әзірге ешқандай тапсырма түспеген. «Қазіргі таңда балалар және жасөспірімдерден сенбі, жексенбі күні басқа мекемелерге кірген кезде «жасыл» мәртебесі сұралмайды. Екпе салдыру ерікті түрде өтіп жатыр. Бұл мәселе бойынша ешқандай қосымша тапсырма түскен жоқ» – деді ол.
Жалпы, «Comirnaty» екпесі – америкалық «Pfizer» компаниясы мен Германияның «BioNTech» технологиялық компаниясы шығарған РНҚ-ға негізделген матрицалық вакцинаның (мРНҚ) сауда атауы. Вакциналау курсы 21-28 күн аралығымен салынатын екі дозаны қамтиды. «Pfizer», яғни, «Comirnaty» – Қазақстанда тіркелген алтыншы вакцина. Оның халықаралық патенттелмеген атауы – «Тозинамеран» (ағылшынша tozinameran). Вакцина былтыр тамыз және қыркүйек айларында мыңдаған адамға сыналды. Қараша айында аралық сынақ талдауы аясында COVID-19 диагнозы қойылған және кандидаттық вакцина алғандар зерттелді. Бұл екінші дозадан кейін жеті күн ішінде инфекцияның алдын алуда 90%-тен жоғары тиімділікті көрсетті. Былтырғы желтоқсанға дейін дәрі-дәрмектер саласындағы бірнеше үкіметтік реттеуші органдар «Тозинамеранды» жедел қолдануға рұқсат беру үшін бағалады. Ұлыбритания – бұл вакцинаны төтенше жағдай протоколы бойынша қолдануға рұқсат берген алғашқы ел. Одан кейін Бахрейн, Сауд Арабиясы және АҚШ, ал Канада жедел қарау процедурасынан кейін сатуға толық рұқсат берді. 2020 жылғы 21 желтоқсанда «Comirnaty» вакцинасын Еуропалық дәрілік заттар агенттігі шұғыл жағдайларда пайдалану үшін, сол жылғы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдады. Осылайша «BioNTech» компаниясының «BNT162b2» вакцинасы «Comirnaty» атауымен ЕО-медициналық препараттар тіркеліміне енді. Сол күні Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (төтенше жағдайда) Biontech және «Pfizer» компанияларының «Comirnaty» вакцинасын Еуроодақта 16 және одан жоғары жастағы адамдарға пайдалануға кеңес берді.
Жалпы республикаға «Pfizer» вакцинасының 379 мың дозасы жеткізілді. Ол өңірлерге жіберілуде. «СҚ Фармация» баспасөз қызметінің басшысы Әйгерім Смайылованың айтуынша, еліміз «Pfizer» вакцинасының жалпы 4 миллион 230 мың дозасын сатып алды, яғни, бұл вакцинаны 2 миллион 115 мың қазақстандық салдыра алады.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<