Жаппай иммундау: Қызылшаға қарсы 608 мың қазақстандық егілді

1411

0

Фото: pixabay.com

Елімізде қызылша инфекциясының таралуына қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Бүгінде қосымша вакциналауға жататын 1,5 млн адамның 608 мыңнан астамы егілді, қамту 40,5% құрады, деп хабарлайды Кazinform.

Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметіне сүйенсек, қосымша иммундау аясында күн сайын 30 мыңнан астам адам вакциналанады.

Қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау да жалғасып жатыр. Мәселен, жыл сайын 1 және 6 жастағы 700 мыңға жуық бала егіледі (ДДҰ ұсынған кемінде 87,1% кезінде 1 жастағы балалардың 94,1% және 6 жастағы балалардың 93,4% қамтылды).

Бұдан бөлек, эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялау жүргізілуде, бұрын вакцинациялауды өткізіп алған және одан бас тартқан 133,3 мыңнан астам адам егілді.

«Қабылданған шаралардың арқасында қазіргі уақытта еліміздің көптеген өңірінде қосымша иммундаудың оң динамикасы байқалады. Мәселен, Маңғыстау, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Түркістан, Абай, Ұлытау облыстарында соңғы аптада қызылшадан қорғау мақсатында баласын егуге әкеліп жатқан халықтың белсенділігі артты», – делінген ведомство мәліметінде.

Денсаулық сақтау министрлігі қызылшаға қатысты елдегі қолайсыз эпидемиологиялық ахуалға байланысты 5 жасқа дейінгі балаларды қосымша жаппай иммундау шеңберінде егуді ұсынады. Сондай-ақ 5-18 жас аралығындағы балаларда қызылшаға қарсы 2 екпе болмаған жағдайда профилактикалық екпе салуға кеңес беріліп отыр. Профилактикалық екпе алу үшін тек жұмыс күндері ғана емес, демалыс күндері де тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуге болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<