Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын

1298

0

Қазақ «Дені саудың – жаны сау» деп тегін айтпаса керек. Дерт меңдеп, дауа іздегенде дәрігерге жүгінеміз. Ауру азабын тартқан сәтте араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз. Бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы абзал жандарға қандай мақтау сөз айтсаң да артық етпейді.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар. Осыдан біршама уақыт бұрын денсаулығыма байланысты көпбейінді облыстық аурухананың кеңес беру-диагностика бөлімшесіне жүгіндім. Бұған дейін тамақ ауруы мазалап, жергілікті дәрігерлер себебін таппай біраз қиналғаным бар. Шынында да, медицинада «қиын диагноз» деген түсінік бар. Кей науқастың диагнозын анықтау расымен қиынға соғып жатады.  Сондықтан дәрігердің де халық таңдаған, ерекше сыйлайтыны бар.

Ал, кеңес беру-диагностика бөлімшесінің мамандары өз ісінің білгірлері екенін көрсетті. Денсаулығымдағы кінәраттың дәл себебін уақытында анықтады. Мұндағы дәрігерлердің барлығы – өз ісінің майталман шеберлері. Ұйымдастырушылық пен жауапкерлік жоғары деңгейде. Қызметкерлер жас пен кәріге, жалпы науқастардың бәріне мейіріммен қарайды. Бөлімшенің барлық медициналық қызметкерлеріне сезімталдығы, тілектестігі үшін зор алғыс. Көңіл шуағын сыйлайтын сондай жандардың бірі – кеңес беру-диагностика бөлімшесінің эндоскопист дәрігері Айбек Ақбаевтың кәсібилігін айрықша атағым келеді. Сын сағатта дертіме шипа болған осындай тәжірибелі дәрігердің көмегі ерекше. Сізге еңбекте толағай табыстарға, мақсатта биік шыңдарға жете беруіңізді тілеймін. Әрдайым отбасыңыз аман, жүзіңіз жарқын, мерейіңіз үстем болсын! Сіздей баланы дүниеге алып келген,тәрбиелеген ата-анаңызға мың алғыс!

Бар білім-біліктерін салған ақ халатты абзал жандар «адам жанының арашасы» деген ардақты атауға әбден лайықты дер едім. Алла кәсіптеріңізге береке берсін, халықтың алғаусыз алғысына бөлене беріңіздер!

Кульжахан ИЛЬЯСОВА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<