«Жасымас жігер сыйлады»

1024

0

Ол бала күнінен дәрігер болсам деп армандаған. Сол арман уақыт өткен сайын оны ширата түсті. Айналаға шуағын шашып, жүзінен нұр төгілген Такина Қуаныш­қызы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында биыл отыз бірінші жылын қарсы алды. Осынша жыл бір жерде табан аудармастан тер төккен абзал жан коронавируспен күресте еңбек етіп келеді. Ол жақында облыс әкімінің қолынан Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алды.

– Марапаттап, құрметтеп жатыр ғой. Біз – қызметімізді ел алдындағы міндетіміз деп ұғатын саланың өкілдеріміз. Аурухананың реанимация бөлімінде жұмыс істеймін. Бізге өте ауыр жағдайдағы науқастарды әкеледі. Күнделікті қарбаласта жұртшылықтың денсаулығы үшін жанталасып жатырмыз. Еңбегімізді елеген аймақ басшысына мың алғыс. Мәселе марапатта емес, бұл – ұжым еңбегінің жемісі. Вируспен жұдырықтай жұмылып күресудеміз. Марапат – әріптестерімнің мерейі. Ал ең негізгісі, бұл қолдау мен еңбекті елеу бізге халық денсаулығы үшін майданда үлкен рух, жасымас жігер сыйлады, – дейді Такина Нұржанова.

Дәрігер боламын деген арман оны арайлы Ақмешітке бағыттаған. Десек те дәрігер болмады, медициналық училищенің студенті атанды. Ол үшін әсте ешқашан өкінген емес. Өкінбейді де. Өзін қоғам үшін керек екенін сезінген адамның бақытты екенін білесіз. Такина Қуанышқызы – осындай жан. Қармақшы ауданының Майлыөзек ауылынан 1987 жылы оқуға келген жас 1989 жылы училищені тәмамдады да, сол жылы жаңадан ашылған облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының реанимация бөліміне орналасқан. Содан бері талай жыл өтті. Биылғы дендеген дертпен күресте жинаған тәжірибесін барынша жұмсап жүр.

– Бұл індетке шалдыққандардың бойында үрей бар. Оларға ең әуелі психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. Қандай жағдай болмасын, күдер үзуге, жаман ойлауға болмайды. Тек жақсылыққа, дәрігерлерге сенім артқан абзал. Бүгінде біз қажетті ем-дом шараларын қолданып, оларға барынша көмектесеміз. Әрбір науқастың аман-есен отбасымен қауышқанын қалаймыз. Қазір жеке өмірді ысырып қойып, қоғам үшін еңбектеніп жатқан жандармыз, – дейді Такина Қуанышқызы.

Бүгінде Такина Нұржанова басқа әріптестерімен бірге арнайы бөлінген жатақханада тұрады. Науқастармен тікелей жұмыс істеген соң, ол айналасындағы басқа адамдардың басын қатерге тікпейді. Сақтық шараларын өзі үшін де, қоғам үшін де басты қағида еткен. Мейіргер жұртшылықты қауіпсіздікті қатаң сақтауға, өздері мен жақындарын қорғауға шақырды.

Дәулет Қырдан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<