Жаздағы жағдай қайталанбасын десек…

946

0

Биылғы 10 айда Қызылорда қаласында «COVID -19» инфекциясының расталған жағдайымен 2181 науқас есепке алынды. Аурушаңдықтың маусымдық көрсеткіші наурызда  – 5 оқиға, сәуірде – 62, мамырда – 137, маусымда – 365, шілдеде – 1157, тамызда  – 292, қыркүйекте – 68, қазанда 47 болып қалыптасты.

Жоғары көрсеткіштер  адам өмірінің белсенді кезеңі – жаз айларында орын алды. Оған халықтың індетке бейжай қарап, көпшілік орындарға, той-томалақ өткізуі, жағажай  мен қоғамдық орындарға жиі баруы  адам­дардың өз денсаулығына сал­ғырт­тық танытып, мойынсұнбауы ықпал етті.

Қазір қаламызда коронавирус инфек­циясының екінші толқынына дайындық қарқынды жүргізілуде. Емдеу-сауықтыру мекемелерінде науқастарды емдейтін 1515 төсек орын дайындалды. Медицина қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдарының қоры толық жасақталды.

Қала әкімдігі жанынан   4 мониторингтік топ құрылып, 269 нысан қаралып, карантин ережелері түсіндірілді. Карантин ережелерін бұзған 148 жеке адамға әкімшілік құқық бұзушылық хаттамалары толтырылып, айыппұл салынды және 10 әкімшілік іс сотқа жолданып, шешімдері шықты. Карантин ережелерін бұзған, той жасап, адамдардың көптеп жиналуына себеп болған 49 жеке тұлға, 38 тамақтану орны, 40 азық – түлік дүкеніне  айыппұл салынды.

«COVID -19» инфекциясының болжамды екінші толқынында аурудың алдын алу мақсатында шектеу шараларын сақтау, көпшілік орындар мен коғамдық көліктерде бетперде кию тәртібін, әлеуметтік арақашықтықты және жеке бас гигиенасын қатаң сақтау мен салауатты өмір салтын ұстану маңызды екенін  тұрғындар  назарына ұсына отырып, сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамыз.

Гүлмира  СЫЗДЫҚОВА,

Қызылорда қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау

басқармасы басшысының міндетін атқарушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<