Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Жұқпалы жедел ішек ауруларының бас көтеретін мезгілі – жаз айлары. Бұл ішектің ауруға шалдығуы, кейде іштің бұзылуы , организмнің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты болады. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен сыртқы ортаға түсіп, тарайды. Инфекция гигиеналық тазалықтың төмен дәрежеде болуынан, азық-түліктерден, яғни жуылмаған көкөністер, пісірілмеген сүт, сапасыз шала пісірілген тағамдарды қолдану, сондай-ақ, ауыз суды қайнатпай ішу, лас суға түскен кезде жұғуы мүмкін. Жаз айларында инфекцияны көп жағдайда шыбындар таратады.
Аурудың алғашқы белгілері
Іштің жиі су сияқты өтуі, дене қызуының көтерілуі, асқа тәбеттің болмауы, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, дәретінде қанды қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Осы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастағаннан дәрігерге көрінген абзал!
Алдын-алу шаралары
Ішек инфекциялары – кір қолдың ауруы. Оның ішінде алдын-алу үшін:
-жеміс жидектер мен көкөністерді ағынды судың астында жуғаннан кейін пайдаланыңыз,
-өнімдердің жақсылап қуырылып, қайнатылуына көңіл бөліңіз,
-жұмыртқаны шикі және шала қайнатылған күйінде пайдаланбаңыз,
-дайын тамақты пайдалану кезінде оның иісіне, дәміне мұқият мән беріп, тез бұзылатын тағам өнімдерін тоңазытқышта сақтаңыз,
-арнайы көрсетілген жерлерде шомылыңыз,
-суды тұтынар алдында міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз,
-балалар әрбір тамақтанар және тамағын дайындар алдында қолды сабындап жуу керек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстаңыз,
-ішек инфекцияларының алдын-алу жеке бас тазалығын қатаң сақтау!
Ұлжан НҰРБАЕВА,
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
басқармасының бөлім жетекшісі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<