Елде қатаң карантиндік шаралар қабылданғалы екі аптадан асты. Бүгінде мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, квазисекторлық ұйымдар, аурухана, емханалар күшейтілген тәртіпке сай жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты індетпен күрестің нақты бағыттары айқындалып, тиісті жұмыс атқарылуда.
Тапсырмаларды орындау, аймақ халқының қауіпсіздігі үшін бас санитарлық дәрігердің қаулысымен 5 шілдеден бастап карантин режимі енгізілді. Жағдайды қайта бағамдап, халық сұранысына сай қажетті шараларды күшейту үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар ауруханалар мен емханаларды аралап, туындаған мәселелерді жедел шешу жолдарын қарастыруға тапсырма берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында басқарма басшысы Сәбит Пазылов бірқатар аурухана мен емхананы аралау барысында туындаған мәселелерге, қолға алынған шараларға тоқталды.
Айтуынша, жергілікті инфекциялық стационарларда 645, провизорлық стационарларда 1790 төсек-орын бар. Яғни стационарларда орын тапшылығы жоқ. Қажет болған жағдайда жеке клиникалар орын босатып беруге дайын.
«Медициналық мекемелерді аралау кезінде оттегі баллондарының жетіспеушілігі басты проблемалардың бірі ретінде аталды. Ауруханаларды осы қажеттілікпен жеткілікті көлемде үздіксіз қамту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз», дейді басқарма басшысы. Қазіргі күні өңірде өкпені жасанды түрде желдетуге арналған 64 аппарат бар. Министрлікке қосымша 63 аппаратқа тапсырыс берілді. Маусым айында 20 портативті жабдық алынған болатын.
Науқастардың өмірін сақтау жолында жаны жомарт азаматтар да аянып қалып жатқан жоқ. Демеушілер көмегімен 10 жасанды өкпе желдеткіші емдеу ұйымдарына жеткізілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<