Жоғары колледж көкжиегі

860

0

Әлемді жайлаған пандемия қоғамның барлық саласына оңай тиген жоқ. Әсіресе, медицина саласы үшін нағыз сынақ кезеңі болды. Қос өкпеден қысқан кесел медицина қызметкерлерінің қадірін арттырды. Дерт дендей бастағанда  қай ел болмасын  абдырап қалғаны анық. Алғашында ауруды қалай емдерін білмей дал болса, жаппай індет жұқтырып, жағдайы нашарлаған науқастарды емдейтін  мамандардың  жетіспеуі де жығылғанға жұдырық бола түскендей еді.

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда індеттің төрт толқыны өткенін мәлімдеді. Осы орайда төтеннен келген кеселдің бізге берген сабағы көп болды десек қателеспейміз. Әсіресе, елде медицина мамандарын көптеп даярлау қажеттігін тағы бір дәлелдеп берді. Эпидемиолог, вирусолог мамандарды айтпағанда, орта буын медицина қызметкерлерінің өзі аурумен күресте үлкен рөл атқарды. Мемлекет басшысы медицина мамандарын даярлауда  нақты тапсырмалар берді.

Осы орайда өңірде орта буын медицина мамандарын даярлауда бірден-бір үлес қосып келе жатқан білім ордасының бірі – Қызылорда медициналық жоғары колледжінің тыныс-тіршілігімен, жаңалықтарымен таныстыруды жөн көрдік. 

Колледж Қазақ АССР Денсаулық сақтау комиссариатының 1928 жылғы 15 тамыздағы бұйрығымен «Қазақ акушерлік техникумы» деген атпен ашылған. 1954 жылы «Қызылорда медициналық училищесі»  аталды. Ал 1996 жылы колледж болып қайта құрылса, 2016 жылы уақыт талабына сай «Қызылорда медициналық жоғары колледжі» болып өзгертілді. Ғасырға жуық уақытта білім ордасы  талай реформаларды бастан өткергені анық. Өйткені уақытқа сай түрлі жаңалықтар енгізілді. Әсіресе, тәуелсіздік алғаннан кейін атауынан бастап, оқу процесі де түбегейлі өзгергені белгілі.

Жоғары колледж аталғаннан кейін оқу орнына қойылатын талап та жоғарылап, жаңаша сипатта жұмыс істеуді қолға алды. Оқу орны 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, еліміздегі мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдірудің жол картасы әзірленді. Орта буын медицина қызметкерлерінің рөлін арттыру, оларды дайындаудың практикалық бағытын нығайту мақсатында «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша «Қолданбалы бакалавриат» білім беру бағдарламасын әзірлеу және енгізудегі жұмыс тобына қатысып, пилоттық жобаға енді.

– Бағдарламаны іске асыру аясында эксперимент ретінде енгізілген «Мейіргер ісі» мамандығы «Қолданбалы бакалавриат»  біліктілігімен 2018 жылдың ақпан айында жалпы орта білім негізінде 3 жыл 6 ай оқу бағдарламасымен 21, сондай-ақ, қолданбалы бакалавриаттың жеделдетілген бағдарламасы бойынша (1 жыл 6 ай) 48, барлығы 69 түлек бітіріп шықты. Пилоттық жоба аяқталып, денсаулық сақтау саласына енгізілді. Бітіруші түлектер білім сапасын тәуелсіз сыртқы бағалау тестінен 100 процент өтсе, бағдарламада қамтылған пәндер бойынша біліктілік деңгейін бағалауды сәтті тапсырған оқытушылар үлесі 83 процентті құрады. Бүгінде мейіргер ісін дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2030 жылға дейін аймақты 40 процент қолданбалы бакалавр мамандарымен қамтамасыз ету мақсатында 1,6 жылдық жеделдетілген білім беру бағдарламасымен жылына 250 шақты мейіргер дайындау жоспарлануда. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті, еуропалық директиваға сәйкес, жаңа форматтағы тәжірибесі кеңейтілген маман даярлау, – дейді колледж директоры Салтанат Тасмағанбетова.

Бүгінде колледж  «Емдеу ісі», «Мейіргер ісі», «Мейіргер ісі-қолданбалы бакалавр», «Гигиена және эпидемиология», «Стоматология», «Лабораториялық диагностика», «Фармация», «Ортопедиялық стоматология», «Медициналық оптика» және «Медицина техникасын монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша орта арнаулы және орта білімнен кейінгі медицина мамандарын дайындайды.  Оқу орнында студенттердің жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Үш оқу ғимараты, жатақхана және жазғы спорттық алаңдары, лекциялық, практикалық, лабораториялық – барлығы 167 оқу кабинеті бар.

– Оқу орнының жоғары колледж статусын иеленуіне, денсаулық сақтау нарығының сұранысына сай 4 жаңа мамандықтың ашылып, студенттер контингентінің 30 процентке өсуіне байланысты материалдық-техникалық базаны кеңейту және жетілдіру қажет болды. Осы мақсатта қолданыстағы жатақхана ғимараты оқу бөлмелері мен лабораториялық шеберханаларға ауыстырылды. Студенттер санының өсуі жатақханаға деген сұранысты арттырды.  Сондықтан 2019 жылы облыс әкімінің қолдауымен «ДилМаш» мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде салынған 330 орындық жатақхана колледж қолданысына берілді, – деп атап өтті директор.

Студенттер үшін жатақхананың жайлы болғаны маңызды. Мұнда қолайлы жағдай жасалған, облысқа қарасты елді мекендерден келген студенттер жатады. Әр жатын бөлме  кіреберіс, санитарлық торап, жуынатын бөлмеден тұрады. Жатақханада оқу залы, демалыс бөлмесі, буфет, кір жуатын бөлме және ашық аспан астындағы спорт алаңы бар. Әр қабаттағы тұрмыстық бөлме газ плитасы, микротолқынды пеш, тоңазытқышпен жабдықталған.

Оқу кабинеттері де заманауи техникалармен жарақтандырылған. Арнайы «Компьютерлік технология және техникалық оқу жабдықтары» кабинеті жұмыс істейді. Заманауи компьютерлермен жабдықталған 3 ақпараттық-компьютерлік кабинет, 3 архивтік бейнесервер, өзге де қажетті  құрылғылар студенттердің терең білім алуына, оқытушылардың жан-жақты білім беруіне мүмкіндік туғызуда.

Қай істің де қиюын келістіріп, тетігін табатын білікті маман екені белгілі. Осы орайда колледж ұжымы да майталман мамандарымен мақтана алады. Мұнда жалпы 109 оқытушы бар. Оның 51-і – жоғары санатты болса, 24-і – бірінші, 22-сі – екінші санатты. Оқытушылардың ішінде 21-і – ғылым магистрі, 1-уі – академиялық доцент. 2019-2020 оқу жылында  колледж 462 орта білімді медицина маманын түлетіп ұшырды.  Биылғы оқу жылында талапкерлерді оқуға қабылдауда өзгеріс енгізілді.

– Биылғы оқуға қабылдаудағы басты ерекшелік – оқуға түсу емтиханы болған жоқ, тек конкурстан өтті. Конкурсқа 9 сынып негізіндегі талапкерлер үшін екі пәннің, аттестаттың орта бағасы және психометриялық тесттің нәтижесі қосылып, тағы орта баға шығарылды. 11 сынып негізіндегі талапкерлер үшін де екі пәннің, аттестаттың орта бағасы және психометриялық тесттің нәтижесі қосылып, орта баға шығарылып ұсынылды. Психометриялық тест дегеніміз – болашақ маманның кәсібінде кездесетін жағдаяттарға психологиялық тұрғыдан дайындығы мен төзімділігін айқындайтын сұрақтар. Ал мейіргер ісі қолданбалы бакалавриат біліктілігі 1,6 жылдық бағдарламасының жеделдетілген бөліміне тапсырған талапкерлерден медицинаға қатысты тақырыптарда эссе алынды, – деді Салтанат Сейітқалиқызы.

Бірлігі мен тірлігі жарасқан колледж ұжымының маман даярлауда мақсаты айқын, қадамы нық.

А.Сәрсенбайқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<