Ана мен баланың есен-саулығы – еліміздің басты құндылығы. Осы
құндылықты қорғауды басты міндеті еткен облыстық перинаталдық орталық қызметкерлері пандемия кезінде тіпті қауырт жұмыс режимінде еңбек етуде. Карантиндік шараларды сақтана отырып орталықта 15 наурыздан бері барлығы 3074 ана босанса, оның ішінде 11 әйелден COVID -19 диагнозы анықталды.
Соңғы 9 күнде 8 жүкті әйел COVID-19 диагнозымен босанды. Оларды босандыруға Ақмарал Жанәбіл, Жанар Нұрымбетова, Айнұр Әжімұрат, Дана Нұртазаева, Ақбота Қоңқабаева сынды дәрігер, акушер-гинекологтар атсалысты. Ал акушерлер Айгерім Еңсепбаева, Ғалымжан Құдайберген ана мен баланың аман-есен болуына, толғақ басталғаннан бастап босануына дейін көп жұмыс атқарды. Одан кейін нәрестенің жағдайын қадағалауға Раушан Балтаева, Мақпал Керейтбайқызы, Шынар Қасымова неонатологтар, мейірбикелер қатысып, баланың жағдайының тұрақтануына үлкен үлес қосты.
Өздеріңізге белгілі, бүгінде әлем елдері үшін ортақ індетке айналған COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны артуда. Сол себепті ана мен баланың қауіпсіздігі мен індеттің алдын алу үшін маңызды шешімдер қабылданып, тиісті шаралар дер кезінде атқарылуда. Осыған сәйкес карантиндік шектеулер қатаң сақталып жатыр. Орталықтың екі ғимаратында да науқастардың күнделікті COVID-19 ауруына күдікті науқастармен байланысын болдырмау мақсатында фильтр-изолятор қызметі жалғасып, екінші ғимаратымызда провизорлық стационар қайтадан ашылды.
Науқастарға, қызметкерлерімізге түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Коронавирусқа күдікті босанушы келгенде медицина қызметкерлері өзін-өзі қорғау мақсатында обаға қарсы І-типтік костюм (ПЧК) жиынтығын пайдаланады. Қазіргі таңда орталықтың провизорлық стационары барлық құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен, жеке қорғаныш құралдарымен қамтылған.
Жалпы облыстық перинаталдық орталығында 620 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 35-40%-ке жуығы жастар. Пандемия кезінде өмірлерін қауіпке тігіп, қызмет істеген мамандарымыз мемлекет тарапынан қолдау тапты. Дәрігерлер, акушер, мейірбике, тазалықшыларымызға провизорлық стационардан үстемеақы төленіп отыр. Сондай-ақ, жақында өткен Медицина қызметкерлері күнінде орталық дәрігерлері Денсаулық сақтау министрлігінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болды.
Қазіргі кезде облыста ауру өршіп тұр, яғни, індеттің қаупі әлі сейілген жоқ. Халық сақтық шараларына салғырттық танытып, тиісті органдар талаптарына, кеңестеріне құлақ аспауы облыста эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне себеп болып отыр. Сондықтан әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса, инфекцияның да таралуын тез тоқтатуға болады. Бірақ тұрғындарымыз қауіпсіздік шараларын сақтамай жатыр. Әрбір адамның өз денсаулығы өзіне керек, әсіресе, жүкті әйелдер өздерінің денсаулықтарына асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Көпшілік жерге бармау, үйге қонақ шақырмау және сақтық шараларды қатаң ұстап, ережеге бағынуы керек.
Соңғы бір аптаның ішінде симптомдары жоқ, бірақ анализ алғанда оң нәтиже (положительный) көрсеткен 9 жүкті әйелдің 8-і босанды. Егер әйелде оң нәтиже көрсеткен жағдайда босанғаннан кейін тубдиспансер санаториясына және жұқпалы аурулар ауруханасының карантин стационарларына жатуы керек. Себебі олар туған-туысқандарына жұқтыруы мүмкін. Бірақ босанушы әйелдің ағайындары карантиндік стационарға жіберуге қарсылық білдіріп жатқан жағдайы бар. Одан бөлек, баланы да бірге алып кеткісі келеді, ал ол карантин стационарына баланы апармаған жөн. Орталықта баланы тексеріп, жақсы болып жатса, үйлеріне, таза жерге жіберу керек. Осыны халық түсінеді деген ойдамыз.
Жағдайды оңалту үшін көп жұмыс істелді, әлі де талай шаруа атқарылатын болады.
Гүлнар ЖҰМАШЕВА,
облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<