«280 мыңнан астам адам спортпен шұғылданады»

2127

0

Биыл Сыр спортында жетістік аз болған жоқ. Қызылордалық саңлақтар жаһандық бәсекелерде топ жарып, елдің мерейін асырып келеді. Бұл – жергілікті жерде аталған салаға жасалған үлкен қолдаудың нәтижесі. Бүгінде қай ауылға барсаңыз да, спорттық ғимараттар мен алаңдардың бой көтеріп жатқанын байқау қиын емес.  Енді жас өрендер алысқа бармай-ақ өзінің ауылында сергектікті серік етуге мүмкіндік алды. Жергілікті спорт кешенінде білікті мамандар талантты шәкірттерін тәрбиелеуге жол ашылды. Осы орайда Спорт күні қарсаңында облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұлмен аз-кем пікірлескен едік.

– Қуаныштысы, кейінгі жылдарда өңірде спорттық ғимараттар қатары көбейіп келеді. Сол үлгілі үрдіс биыл да лайықты жалғасын тауып жатқан болар?

– Расын айтсақ, бұл жөнінен еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда ілгері тірлік бар. Жылма-жыл жергілікті жерде спорттық ғимараттар пайдалануға беріліп жатыр. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 спорт кешенін салу жоспарланған еді. Қазірге дейін оның 1-уі Қазалы ауданы Қ.Пірімов ауылында пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін Арал ауданындағы Қамыстыбас және Аманөткел, Қармақшы ауданындағы Жосалы кенті мен Ақай, Жалағаш және Шиелі кенттерінде осындай ғимараттар игілікке қызметін бастамақ.

Ал, 2020-2021 жылдарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Жаңақорған ауданы Төменарық, Қандөз, Әбдіғаппар, Жаңарық, Бірлік, Шиелі ауданындағы Керделі ауылдық округтерінде спорт кешендері іске қосылды.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде облыста теннис спорты жақсы дамып келеді. «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық теннис корты ашылды. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлердің қаржысы есебінен Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» шағын ауданында «Naman ata» спорт кешені, Жалағаш кентінен жүзу бассейні пайдалануға берілді.

Алдағы уақытта облыста халықаралық талаптарға сай келетін спорт ғимараттарын салу ойда бар. Кейде республикалық жарыстарды өткізу барысында қиындық туындап жатады. Уақыт талабы тез өзгеруде. Сондықтан келешекте бассейн, күрес және ойын залы бар көп кешенді спорт ғимараттары бой көтергені дұрыс. Бұл жөнінде ұсыныс-пікірлерді жергілікті басшылыққа да жеткіздік. Болашақта қолдау табады деген үміттеміз.

– Демек, бұқаралық спорттың жаңа кезеңі әрі халықаралық бәсекелер өткізетін соны мүмкіндіктер алда дейсіз ғой…

– Шындығын айтқанда, ұзақ жылдар бойы өңірде спорт ғимараттарының тапшылығы құлашты кең жаздырған жоқ. Бұқаралық спорттың да серпін алып жатқаны енді ғана. Бүгінде есептеулер бойынша облыста 280 мыңнан астам адам дене шынықтыру және бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл – облыс халқының 34 пайызы. Ал 2020 жылы 31,3 пайыз болатын.

Өңірде спорт саласы бойынша барлығы 30 мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Олардың 20-сы спорт мектебі, 2-уі жоғары спорт шеберлігі мектебі, 4-уі спорт клубы болса, бір-бірден олимпиадалық резерв даярлау орталығы, мұз айдыны, орталық стадион, мектеп-интернат-колледжі бар.

Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 21 мыңнан астам жас өрен шеберлігін шыңдап келеді. Айта кетерлігі, олар спорттың 48 түрімен шұғылданады.

Облыста биылғы жылдың алты айында 683 іс-шара ұйымдастырылып, оған 127 мыңнан астам адам тартылған. Оның ішінде 9-ы Қазақстан чемпионаты мен кубогы, 20-сы республикалық, 1-уі халықаралық турнир болса, қалғанын облыстық біріншіліктер құрайды.

Облыста 138 елді мекенде 282 спорт нұсқаушысы бар. Сол арқылы 42 мыңнан астам адамның дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуына қолайлы жағдай жасалды.

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр балалар мен жасөспірімдерді спорт үйірмелерімен қамту үшін облыстық бюджеттен 212 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Нәтижесінде мұндай мүмкіндікке 2492 бала ие болды. Биыл олардың саны 7593 балаға жетіп отыр. 

– Жергілікті жанкүйерлер жылма-жыл қызылордалық жастардың ішінен жаңа есімдерді танып отыр. Жалпы қай спорт түрлерінен олжа қомақты?

– Аймақта қазақ күресі жоғары деңгейде дамып келе жатқанын бәріміз білеміз. Облыс орталығы мен аудандарда білікті бапкерлер жемісті еңбек етіп келеді. Шеберлігі шыңдалған шәкірттер арасынан әлемдік және республикалық деңгейдегі турнирлерде үздік көрініп жүргені баршылық. Оның нақты дәлелі ретінде биылғы «Қазақстан барысында» топ жарған Мақсат Исағабыловты айтуға болады. Бұл турнирде осымен үшінші қызылордалық балуанымыз топ жарып отыр.

Сондай-ақ, дзюдодан Мағжан Шамшадин (60 келі) жақында елордамызда өткен Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Ауыр атлетикадан Айзада Мүптілда Ислам ынтымақтастығы ойындарында чемпиондық тұғырға көтерілді.

Жалпы алғанда, биылғы жылдың алты айында қызылордалық спортшылар әлем және Азия чемпионаттарында 126 (48 алтын, 42 күміс, 38 қола) медаль алды. Ал ел біріншілігі мен кубогында 714 медаль қоржынға түсті. Өңірде биыл еліміздің 11 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 42 спорт шебері, 429 спорт шеберлігіне үміткер дайындалды. Айта кетсек, еліміздің ұлттық құрамасы сапына қызылордалық 383 спортшы қабылданған.

– Пікір бөліскеніңізге рақмет. Кәсіби мерекелеріңіз Сыр еліндегі әрбір спортшыға жаңа табыс бастауын ала келсін.

– Рақмет.

Әңгімелескен

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<