Хабибтің жеңісінен кем қуаныш сыйлаған жоқ
Өткен сенбі күнгі түн мезгілін спорт жанкүйерлері екі көзі төрт болып күткен шығар.
Бұл күні не болды? «РенТВ», «Спорт-24» телеарналары Абу-Дабиден тікелей хабар берді. Ережесіз жекпе-жектің танымал промоутерлік ұйымы UFC аясында өткен чемпондар айқасын көрдік.
Атынан ат үркетін ұйымның октагонында бірде-бір рет жауырыны жер иіскемеген дағыстандық жеңіл салмақтағы Хабиб Нұрмағамедовтің күресін көруге әлемнің көптеген ел тұрғындарының қызығушылық танытқаны шын. Оның қарсыласы – америкалық Джастин Гэтжи де мықтылардың мықтысы. Биылғы жылдың сәуір айында отандасы Тони Фергюсонды жеңіп, оның UFC-дің уақытша чемпионы деген атағын тартып алған тарлан. Өң-түсі өрттен шыққандай болып жүретін Тони өз жекпе-жектерінде милиондаған жанкүйер назарын ереше аударған жауынгер. «Мен оны жаншимын, төбелестің не екенін танытамын» деп айқайлап жүретін арықша жігітті аралас жекпе-жек көретіндер жақсы біледі. Сол содыр мінезіне сай үнемі жеңіске жететіні де рас (25-3-0), яғни, қарсыластарына 22 рет үстемдік танытқан. Ол негізі сол сәуір айында Хабибпен жұдырықтасуға келісім жасаған еді. Бірақ, ол кезде пандемия басталды, ал, шілде айында Хабибтің әкесі Ресейге еңбегі сіңген жаттықтырушы, 20-ға жуық ММА-дан әлем чемпионын шығарған ұстаз Абдулманап Нұрмағамбетов қайтыс болды. Бұл жағдайда Хабибтің ешқайда шыға алмайтыны белгілі. Сөйтіп, Тонидың Джастинмен жолы түйісті.
Тонидың «тонын теріс кигізіп келген» Гэджидің сеңсең бөрікті Хабибқа айласы өтпеді, күші жетпеді. Сөйтіп, Хабиб жанкүйерлеріне 29-шы жеңісін сыйлады. Бұл салмақ дәрежесіне қарамастан UFC тарихындағы үздіксіз жеңіс ірі жеңіс болып табылды.
Бір таңғалғанымыз, баспасөз мәслихатын беру, салмақ өлшеу шараларында Джастин мен Хабиб өздерін өте сабырлы ұстады, бір-бірін бағалай білді. Тони секілді, Макгрегор сияқты анайы сөздермен беттен алған жоқ.
Хабиб осы жеңісінен соң берген сұқбатында «Мен енді спорттық мансабымды аяқтаймын. Әкем жоқ, анамның қасында боламын» деді. Бұл қомақты ақша мен қомпайған атақтардан ана қадірін биік қойған перзенттің сөзі еді.
Екі күннен бергі әлеуметтік желі парақтарында Дағыстан елінің батыры Хабиб Нұрмағанбетовтің жеңісіне құтты болсын айтып жатырмыз. Алайда, біз дәл осы әлемдік додада қазақ елінің ұланы Шавқат Рахмоновтың (дұрысы Рахманов) жеңіске жеткенін тасада қалдырмауымыз керек. Қазақ жұрты үшін бұл жеңістің бәсі Хабибтің қуанышынан кем түскен жоқ. Шавқат – UFC-ге шығып, бірінші кездесуінде-ақ жеңіс әкелген тұңғыш қандасымыз. Бұған дейін «Файт Найд глобал» ұйымы арқылы ММА-дан әлем чемпионы болған Жалғас Жұмағұлов, Қуат Хамидов секілді серкелерімізді білетінбіз.
Ал, Шавқат – UFC бәсекесіндегі бірінші қазақ. Қарағандылық бауырымыз 1994 жылы дүниеге келген. Осыған дейін ол ММА турнирлерінде 12 рет жеңіске жеткен.
Абу-Дабидегі дебютінде ол қарсыласы бразилиялық Алекс Оливейраны октагон бұрышына тақап, 20 секундта ұтты. Бұл жеңісі үшін жерлесіміз 37500 доллар табыс тапты. Сондай-ақ, бауырымыз аралас жекпе-жек мықтыларының бірі, Макгрегордың бұрынғы қарсыласы Дональд Серронды жұдырықтасуға шақырып, үндеу тастады.
Табысың таси берсін, қазақтың көк байрағын көкке көтере бер, Шавқат.
Сырбойылықтардың саған деген ақ тілегі – осы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<