Биыл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Олимпиада ойындарына сегізінші мәрте үкілеген үздіктерін қосуға мүмкіндік алып отыр. Қуаныштысы, қазірге дейін талай спортшымыз жеңіс тұғырынан көрініп, көк туымызды биікте желбіретті. Олардың қатарында қызылордалық жастардың да болуы мақтаныш.
Кейінгі жылдары аймақта дзюдо спорты жақсы даму үстінде. Ұлттық құрама сапында бірнеше қызылордалық спортшы бар. Олардың арасынан Абылайхан Жұбаназар (81 келі) мен Нұрлыхан Шархан (100 келі) енді санаулы күнде жалауын көтеретін Париж Олимпиадасында бақ сынайды.
Абылайхан Жұбаназар 2000 жылдың 15 ақпанында Қазалы қаласында дүниеге келген. Спорт жолындағы алғашқы қадамын 2013 жылы қазақ күресінен бастаған. Қазір дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2022 жылы Азия ойындарында қола жүлде еншілесе, былтыр өткен «Grand Slam» турнирлерінде күміс және қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ биыл «Қазақстан барысы «Grand Slam» турнирінде үздік үштіктен көрінді. 2022 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін денешынықтыру мамандығы бойынша бітіріп шықты.
– Олимпиада – әрбір спортшының арманы. Алдымызда асқақ арман бар. Қай жарыста да елдің намысын абыроймен қорғасақ дейміз. Бапкерлер әрдайым ақыл-кеңесін береді. Қателігімізді түзейді. Шеберлігімізді шыңдайды. Расында, Олимпиадаға кез келген спортшының жолы түсе бермейді ғой. Жеңіс тұғырынан көрініп, бізге сенім артқан көпшіліктің үмітін ақтасақ деймін, – дейді Абылайхан Жұбаназар.
Ал Нұрлыхан Шархан 2000 жылы 18 сәуірде Қызылорда қаласында дүниеге келген. Дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2023 жылы Ханчжоу қаласында Азия ойындарының қола жүлдесін алды. Сондай-ақ сол жылы Азия ойындарында және Париждегі «Grand Slam» турнирінде үздік үштікте болды. 2022 жылы Азия чемпионатында қола медаль алды. Еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері болған.
– Дзюдо – танымал спорт түрі. Оның әліппесін үйренген сәттен бастап жеңіс жолында тер төгіп келемін. Олимпиада – сол еңбектің ақталар әрі шешуші сәті. Сондықтан аянып қалмаймыз, – деді Нұрлыхан Шархан.
Дзюдодан ұлттық құрама айтулы додаға дайындығын алдымен Испанияда өткізсе, одан кейін Алматы облысындағы Олимпиадаға даярлау орталығында шеберліктерін шыңдады. Олардың қатарында Абылайхан мен Нұрлыханнан өзге Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев, Данияр Шамшаев сынды спортшылар болды.
– Шәкірттерімнің қазір дайындығы жақсы. Қазірге дейін көптеген жарысқа қатысып үлгерді. Мен оларға сенемін. Абылайхан мен Нұрлыханның айтулы аламанда бақ сынау мүмкіндігі жоғары болды. Ел құрамасының бапкерлері ең мықты балуандарды іріктеп алды. Мамыр айында Астана қаласында өткен «Grand Slam» турнирі олардың тәжірибе толықтыруына үлкен септігін тигізді. Сол жарыстан кейін Әлем чемпионатында бақ сынайтын балуандар іріктелді. Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен жарыс дзюдошылар үшін Олимпиада алдындағы негізгі сын болды. Шәкірттерге сәттілік тілеймін, – дейді бапкер Қален Қалиұлы.
Айта кетсек, 7 маусымда дзюдодан 60 келі салмақтағы үш балуан арасында Париж Олимпиадасының қатысушысын анықтау мақсатында іріктеу белдесуі өткізілді. Онда Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин өзара мықтыны анықтады. Өкінішке орай, бұл бәсекеде жерлесіміз Мағжан Шамшадин қарсыластарына есе жіберіп қойды.
Франция астанасы Париж қаласында Жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Ойындарға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланған. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<