«Сыр бойы» газеті өткен санында ғана Рахат Бекболаттың әлем кубогында алтын алғанын сүйіншілеген еді. Енді міне, Перуден тағы бір ақжолтай хабар жетіп, қызылордалық Айсамал алтыннан алқа тақты.
Айсамал жаһандық жарыста қыздар арасында 81 келіден жоғары салмақта сынға түсті. Жұлқа көтеруде 107, серпе көтеруде 137 келіні бағындырып, қоссайыс нәтижесінде 244 келімен Қазақстан қоржынына тағы бір алтын салды. Айта кетейік, ол өткен жылы Солтүстік Кореяның Пхеньян қаласында болған Азия чемпионатында 2 мəрте күміс жүлде иеленген.
А.Сансызбаева Шиелі ауданында дүниеге келген. Қазір Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды. Оған Арман Абдраев жəне Нұрсұлтан Бахрадин сынды бапкерлер тәлім береді.
Дүбірлі додада қазақстандық Жанәли Тұяқов үшінші орынды жеңіп алды. Осыған дейін Абылай Әуелханов пен Рахат Бекболат алтын алса, Гүлнұр Ыбырай қола жүлдеге қол жеткізген болатын.
Әлем кубогында ел намысын облысымыздан төрт спортшы қорғады. Олардың қатарынан Рахат Бекболат пен Айсамал Сансызбаева Əлем кубогінің жеңімпазы атанды. Ал Азамат Төлеген мен Мейрамбек Əбдіхалық 4-орынды иеленді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<