Алтын тұрмақ, күміс те жоқ

734

0

Асыға күткен Токио Олимпиадасы қазақ елі жанкүйерлерінің көңілін алаң етіп тұр. Айтулы аламанның алғашқы екі аптасында жүлде қоржынына қоладан басқа медаль түскен жоқ. Алтын тұрмақ, күміс те көзден бұлбұл ұшты.

Бас жүлде қол созымда қалып қойып жатыр. Үкілеп қосқан үздіктеріміз үмітті ақтай алмай жатқан сәттер жанкүйерлер үшін өкінішті.


Мөлдірдің асуы алда

Биылғы Олимпиадада каратэ-до спорты бағдар­ла­маға алғаш рет енгізілді. Сынға түсетін саңлақтар қатарына қазақ­стандық бес спортшы қо­сыл­ды. Қызылордалық Мөл­дір Жаңбырбай маусым айын­да лицензиялық турнирде жолдама алған еді.
Жалпы, каратэ-до – кеңінен дамыған спорт түрі. Дүбірлі дода барысында Мөлдірге қарсылас атанған қыздардың барлығы бұдан бұрын талай биіктен көрінгенін білдік. Алғашқыда екіұдай сезімде болғанымыз рас.


55 келі салмақта тоғыз үміткер бақ сынады. Жарыс ережесі бойынша спортшылар екі топқа бөлініп сынға түседі. В тобында украиналық Анжелика Терлюга, жапониялық Михо Мияхара, австриялық Беттина Планк және мысырлық Радван Сайедпен шеберлік байқасқан жерлесіміз оның әрбірінде тегеурінді қарсылық көрсетті.


Алғашқы жекпе-жегінде мысыр­лық Радван Сайедпен кездесті. Мөлдір бірден-ақ оған соққылар жұмсап, өзінің ұпай қорын молайтып алды. Қарсылас спортшы да осал емес, бұған дейін беделді бәсе­келерде жүлде алған, тәжі­ри­бесі мол. Ол 2016 жылы әлем чемпионатында қола алса, Африка ойындарында жүлдегерлер қатарынан көрінді.


Екінші кездесуінде Мөлдір австриялық Беттина Планкпен кездесті. Австриялық спортшы әлем чемпионатында екі мәрте қола медаль алып, Еуропа чемпионатында жеті мәрте жүлдегер атанған. Жерлесіміз тәжірибелі қарсыласынан қай­мыққан жоқ. Қолайлы сәт­терде ұпай жинап үлгерді.

Алайда, ұпай саны жөнінен алда болған австриялық спортшы жеңіске жетті.
Мөлдір алдағы екі кездесуін де жеңуі қажет болатын. Десе де, қарсыластары осал емес-ті. Алдымен украиналық­ ­Анжелика Терлюгамен са­йыс­қа түсті. Биыл 29 жасқа толған ол бұған дейін Еуропа чемпионатында 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль алған. Сондай-ақ, еуропалық ойындарда күміс жүлдегер атанған. Мөлдір бәсеке барысында соңғы екі секунд қалғанға дейін 4:3 есебімен алда тұрды.

Жеңіске жеткен жағдайда ол жерлесіміздің мүмкіндігін арттыра түсер еді. Әттеген-ай, украиналық спортшы соңғы секундта бір ұпай олжалап, таразы басын теңестіріп кетті. Кездесу 4:4 есебімен тең аяқталды. Осылайша қарсыластар бір-бір ұпайға ие болды.


Мөлдірге әлі де жартылай финалға шығуға мүмкіндік бар еді. Ол үшін жапониялық Михо Мияхарадан басым түсу қажет болатын. Жекпе-жекті Мөлдір сенімді бастады. Алғашқы ұпайларын алды. Кейін жапониялық спортшы белсенді қимыл көрсетіп, жеңіске жетті. Осылайша жерлесіміз төрт кездесуде үш ұпай жинап, турнир кестесінде төртінші орынға тұрақтады. Бұл топта Анжелика Терлюга – 6, Беттина Планк 5 ұпаймен жартылай финалға жолдама алды.


Жиырма жастан енді ғана асқан Мөлдірдің жоғары жетістіктері алда деп санаймыз. Ол әлем чемпионаты мен Олимпиадада бақ сынауға мүмкіндік алады. Сол сәттерде жеңіс тұғырынан көрінетініне сенім артамыз.

Алтын тұрмақ, күміс те жоқ

Дәулет қолаға таласады

Қазақстандық жанкүйерлер еркін күрес шебері Дәулет Нияз­бековтен үлкен үміт күтті. Жерлесіміздің ал­ғашқы белдесуі сәтті өтті. Ол жарыстың 1/8 финалында кубалық Алехандро Вальдеспен кездесті.

Қарсыласы әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Екеуара кездесу 21:11 есебімен қазақстандық балуанның ен­шісіне шешілді. Белдесудің басым бөлігінде кубалық балуан 9:2 есебімен жеңіп тұрған. Дәулет нәтижелі әдіс жасады. Осылайша сайыс аяқталғанша 21 ұпай еншілеп үлгерді. Нәтижесінде қарсыласынан 10 ұпайға ұзап кетті. Ережеге сәйкес, қарсыласқа техни­калық жеңіліс берілді.


Ендігі қарсыласы – әзер­бай­жандық Гаджи Алиев. Ол – үш дүркін әлем чемпио­ны атанған спортшы. Бұған қоса, 2016 жылғы Рио Олим­пиа­дасының қола жүл­дегері. Десе де қарсы­ласы­мен белдесуде Дәулет өз ойлағанын жүзеге асыра алған жоқ. Кейін әзербайжандық балуан финалға жолдама алды. Енді жерлесіміз Дәулет Ниязбеков жұбаныш белдес­уіне қатысады. Осылайша, жерлесіміз қола медальға таласуға мүмкіндік алды. Дәулеттің ендігі қарсыласы – сенегалдық Адама Диатта.


Айта кетейік, Дәулет 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында бақ сынап, бесінші орынды қанағат тұтқан болатын.

Бір күнде үш қола

Олимпиаданың он төртінші күнінде қазақстандық спортшылар төрт қола медальға ие болды. Әрине, олардың барлығының финалға шығуға мүмкіндігі бар еді. Десе де, кейбірінен сәттілік сырт айналып кетті.


Солардың бірі – каратэ-до шебері Дархан Асадилов іріктеу кезеңінде қарсы­ласының барлығын қапы қалдырып, жартылай финалда франциялық Стивен Де Кос­таға есе жіберіп қойды. Осылайша қола жүлдені қанағат тұтты. Дархан Асадилов 1987 жылы 8 тамызда дүниеге келген. Әлем чемпионатында екі мәрте, Азия чемпионатында бірнеше дүркін жүлделі болды.


Бұл күні тағы бір қола жүлдені еркін күрес шебері Нұрислам Санаев алды. Қазақстандық балуан іріктеу кезеңіндегі алғашқы екі бел­десуінде Гвинеи-Бисаудан кел­ген Юна Фафе және жапо­ния­лық Юки Такахасиді қапы қал­дырды. Өкінішітісі, жартылай финалда ол үндіс­тан­дық Рави Кумардан ұтылды. Ал үшінші орын са­йыста болгариялық Георгий Вангеловті 5:1 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды. Нұрислам Санаев 1991 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионатында 2018 жылы күміс, 2019 жылы қола жүлдегер атанды. Ал Азия чемпионатында 2018 жылы жеңімпаз болса, 2017 жылы үшінші орын алды.
Тағы бір қола жүлде бокс­тан бұйырды.

Токио төрінде 52 келіде сынға түскен Сәкен Бибосынов жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфайға есе жіберіп қойды. Жекпе-жек барысында қарсыластар тартысты бәсеке өткізді. Алғашқы раундта ұлыбританиялық был­ғары қолғап шебері біраз соққы жасап үлгерді. Нәтижесінде төрешілер бір­ауыздан оның жеңгенін қол­дады. Қалған екі раундта қазақ­стандықтың басымдығы айқын аңғарылып тұрды. Үш төреші Сәкеннің жеңгенін мойындаса, екеуі қарсыласына қолдау көрсетті. Тіпті, рингтегі төреші Галал Яфайдың жеңгені жөнінде белгі бергенде оған ұлыбританиялықтың өзі сен­бестік танытқандай көрінді.


Сәкеннің өзі баспасөз мәс­­­ли­­ха­тында бұл жөнінде ой-пікірін білдірді. «Жекпе-жектің бірінші раундында нокаут болмады. Екінші раундта қарсыласымнан басым түстім. Бұған сенімдімін. Өз басым жеңілдім деп ойламаймын. Дегенмен, төрешілер шешімі солай шықты. Алда талай сайыстар бар. Жанкүйер сенімін ақтауға тырысамын», – деді ол.


Жалпы, Олимпиадада қа­зақстан­дық боксшылардың ойын көрсетуі жөнінде сын айтуға толық негіз бар. Ұлттық құрама сапында күншығыс еліне сегіз боксшы барды. Олар­дың арасынан небәрі екеуі ғана жартылай финалға дейін жетіп, қос қоланы місе тұттық. Қазақстан бүгінге дейін Олимпиададан бокстан алтын медальсыз оралған емес еді. Бұл жолы қазақстандық боксшылар ел күткендегідей нәтиже көрсеткен жоқ. Оны бапкер­лердің қателігі деп айтуға әбден болады. Кейбір салмақта әлсіз боксшылар барған секілді.

Салдарынан ортанқол қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шы­ғып қалды. Әрине, Олимпиададан кейін кеткен қателіктер таразыға тартылар, бірақ бұл ең маңызды бәсеке емес пе?!


Өкінішке орай, Токио Олимпиадасында жүлде саны жөнінен Қазақстан соңғы орындарда келеді. Кестеде жоғары көтерілу үшін алтын және күміс медаль қажет. Ал, аламанның бітіуіне екі-ақ күн қалды.


Әділжан ҮМБЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<