Ат жалындағы жауынгерлік өнер

1633

0

Қызылордалық Ақәділ Пернебайдың есімі елге жақсы таныс. Ол он алты жасынан бастап, ұлттық спорт түрі – жамбы атудан жетістікке жетіп, ел мерейін үстем етіп келеді. Еліміздің 3 дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері. Былтыр Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен үздік спортшылар анықталатын мерекелік іс-шараға қатысып, жылдың үздік спортшысы ретінде «Алтын тұғыр» сыйлығына ие болды. Ол – аталған сыйлықтың Сыр өңіріндегі алғашқы иегері.

Жақында Пәкістанның Лахор қаласында жамбы атудан Әлем кубогіне іріктеу кезеңі өтті. Жаһандық додаға Пәкістан, Ресей, Иран, Түркия, Қазақстан құрамаларының үздік мергендері қатысып, командалық есеп бойынша еліміз алтын жүлдені жеңіп алды. Сауд Арабиясында өтетін Әлем кубогінің финалдық кезеңіне жолдаманы ұтты. Енді алдағы финалға қызу дайындық үстінде. Осы орайда жас спортшымен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Ақәділ 2005 жылы Жаңақорған ауданы Әбдіғаппар ауылында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін қаладағы  Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт мектебінде оқыды. Бала күнінен ат құлағында ойнап өскен оның спортқа деген қызығушылығы ерекше еді. Әкесі Бекқали Өздембаев – белгілі садақшы, жабы ату шебері, ұлының алғашқы жаттықтырушысы. Әрбір жарысының алдында ақ батасын беріп, қолдап отырады. Жарыс барысында кеткен кемшіліктерін түсіндіріп, білгенін үйретіп келеді.

– Ақәділ – қабілетті бала. Жастайынан спортқа бейім болды. Мектеп қабырғасында таэквондоға қатысты. Біршама жетістігі бар. Кейін спорт мектебіне барды. Онда екі жыл білім алып, ауылға келді. Жамбы атуға деген қызығушылығын байқап, алдымен садақ атуды үйреттім. Ең алғашқы жарыстан-ақ  нәтиже көрсетті. Осылайша жамбы ату спортына келді. Өзі ұнатқан тұлпарын сатып әпердім. «Кері ат» деп атады. Ол кезде бесті еді. Баптап ауылдағы арнайы алаңқайда бірге дайындалды. Кейін ауданда ұлттық спортқа жанашырлық танытып жүрген азаматтар Сламхан Боранбаев, Ғалымжан Өміртай талабын байқап, ел чемпионаттарына қатыстырды. Жасөспірімдер арасында бірнеше мәрте чемпион болғаннан кейін ел атынан жарыстарға шыға бастады. Ұлымның әрбір ойынын қалт жібермей бақылаймын. Ол жарысқа шығарда, тақымымды қысып, іштей сәттілік тілеумен боламын, – дейді әкесі.

Жамбы ату – қазақтың көнеден жеткен ұлттық ойындарының бірі. Ол үшін мергенге жүйрік ат пен садақ керек. Жамбы алтыннан немесе күмістен құйылады. Ойыншы атпен шауып келе жатып, баған басына жіппен байланып тұрған жамбыны садақпен атып түсіреді.

Бүгінде қазақтың ұлттық ойыны жаңғыра түскен. Жамбы атудың бірнеше стилі қабылданып, ережелері нақтыланды. 2014 жылдан бері елімізде ұлттық спорт түрін дамыту қолға алынып, Жамбы ату федерациясы құрылды. Содан бері халықаралық және республикалық жарыстар, ел чемпионаттары өткізілуде. Ат құлағында ойнайтын сұрмергендер шетелдік додаларда сынға түсіп, жеңіс тұғырынан көрінуде.  Жас жеткіншектер арасында қазақтың төл спортын дәріптеу мақсатында турнирлер тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Жас спортшы кейінгі кезде жамбы атуға көңіл бөлініп, қызығатын жастар қатарының артқанын айтады. Ұлттық спорттың әсіресе, Қызылорда, Алматы, Түркістан, Жамбыл облысында ерекше дәріптеліп келе жатқанын жеткізді.  Турнир мен жарыстар көбіне, корей, түрік және қазақ стильдері бойынша өтеді.  Мәселен, корей стилі халықаралық жарыстар ережесіне сай жасалған. Жол бойына үш нысана қойылған. Төртбұрышты нысанада бес шаршы бар. Қақ ортасына тисе,  5 ұпай, одан кейінгі шаршыларға  4, 3, 2 ұпай, ең шеткі шаршыға 1 ұпай беріледі. Ал түрік стилінде нысананың диаметрі корей стиліне қарағанда кішірек болады. Жебе нысана ортасындағы кіші шеңберге тисе, 6 ұпай, екінші шеңберге тисе, 4 ұпай, сыртқы үлкен шеңберге тисе 2 ұпай беріледі.

Ал қазақ стилі – жамбы атудың негізі мен қиыны. Бағанға жамбы ілінеді. Әрқайсының қашықтығы әртүрлі. Бірінші тұрған қола жамбы 6 метр қашықта, күміс жамбы 8 метр қашықта, алтын жамбы 10 метр қашықта орналасады. Жіпті атып түсірсе де, дөңгелек нысанаға тигізсе де болады. Жебе қола жамбыға қадалса, 5 ұпай, күміс жамбыға 10 ұпай, ал алтын жамбыға тисе 15 ұпай беріледі.

– Спортшыларға 12 секунд уақыт белгіленген. Осы уақыт ішінде мәреден мәреге дейін шауып өту керек әрі нысаналарды көздейді. Қатысушылар бірі уақыт ұтамын деп тез шапқанымен, нысананы көздей алмай, ұпайсыз қалады. Енді бірі асықпай көздеймін деп уақыттан ұтылып жатады. 12 секундқа жеткізбей аяқтаса спортшыға тиген жебесінен бөлек, үнемделген әр секунд үшін 1 ұпай жазылады. 12 секундтан асып кетсе, әр секунд үшін 1 ұпайдан кемітіледі. Ережелерді барынша ұстану керек. Бұл – үлкен жауапкершілік. Сондықтан тепе-теңдікті сақтай отырып, нысананы көздеймін, –  дейді ол.

Қазақ баласын буыны қатса, атқа отырғызған. Соған машықтанса намысты, жігерлі, рухты, тақымы болаттай берік боларына сенген. Ат үстінде отыру бір жағынан денсаулыққа пайдалы. Сондықтан болар аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, көкпар сынды ұлттық ойындар жастар арасында кеңінен танылды. Осы күні ғой, ұлттық ойындардың ескерусіз қалғаны. Ат жалын тартып мінер жас буынның тұлпардан жырақ өсіп келе жатқаны. Дегенмен төл ойындардың соңғы уақытта қайта қолға алынып, қолдау тапқаны  құптарлық іс.  Бұл дегеніміз ұлттық спорттың тамырына қан жүгіреді деген сөз.

Ақәділ әрбір жарысқа тыңғылықты дайындалады. Шымырлығынан бөлек, жылдамдығы ептілігімен ерекше үйлеседі. Нысананы дөп көздейді. Уақытының көп бөлігін жарыстарға арнайды. Ерекше ойын үлгісі де көптің есінде. Жарыс барысында өз-өзін дәлелдеген кездері де болыпты.

– Былтыр маусым айында Астана қаласында Жамбы ату федерациясы жарысының финалы өтті. Қазақы стильде бақ сынасып жаттық. Үштікке ілігіп тұрмыз, барынша нәтиже көрсету керек. Бірінші айналымнан сәтті өттім. Екінші айналым кезінде тек қана қолаға тигізе алдым. Күміс пен алтынды көздегенім мүлт кетті. Содан соңғы айналым, соңғы секундтар. Команданың үміті менде. Мәре сызығына жақындап қалған кезде садақтың оғын тартып кеп жібердім. Оқ кетті, мен мәре сызығынан өттім. Осы тұста дау туды. Қазылар жебені тигенін есепке алмады. Бірақ сол сәт анық бейнебақылауға түскен. Қарасақ, дәл алтынға тиген. Осылайша 15 ұпай беріліп, команда екінші орын иемденді. Мұндай қызық оқиғаларға жиі тап болып тұрамыз, – дейді ол.

Ақәділдің айтуынша, жамбы ату өнері қазақтың аңшылық кәсібінен бастау алған. Жігіттің бойында батылдық, қайсар мінезбен қатар, мергендік, атқа  емін-еркін шабу сынды  ептілік болуы шарт. Оның «Кері аты» да – болмысы бөлек жануар.

– Ер жігіттің астындағы аты мықты болуы маңызды. «Кері ат» маған дейін, көкпар, жамбы атуға қатысып жүрген. Оны сатып алғанда үйренісіп кету оңай болды.  Ерекшелігі  сайыс барысында бірқалыпты тепе-теңдікті ұстап отырады. Осы қасиетінің арқасында талай жеңіс тұғырынан көріндік. Қазір оның жасы да біразға келіп қалды. Қосымша басқа атты баптап жүрмін. Ұлттық спорттың арқасында талай ел мен жер көрдік.

«Әр елдің салты басқа» деп бекер айтылмайды екен. Өзге елге атымызды ала  баруға мүмкіндік жоқ. Сондықтан сол елдің аттарымен жарысқа қатысамыз. Алдын ала екі-үш күн дайындаламыз. Байқағаным, кейбір елдер бұл спорт түрі жақсы дамыса, кейбірі осал. Францияда болғанымызда ат әбзелдері қарапайым, атқа жайдақ міне салады екен. Ер-тоқымға үйреніп қалған соң, тепе-теңдік ұстау ыңғайсыз болды. Жарыс кезінде шауып келе жатып, аттың мойнына қарай сырғып кетіп, сонда да берілмей, нәтиже көрсеткен кездер де болған, – дейді ол.

Ол келер жылдан бастап ересектер тобына өтеді. Бірақ командалық құрамада өнер көрсетіп жүр. Алда жоспары көп. Талай байрақты додаларда топ жаруды көздейді. Үнемі бабында болу үшін жылына 4-5 ай дайындықтан қол үзбейді.  Өзі секілді жастарды ұлттық спортқа баулып, қазақтың төл ойындарын қайта жандандыруға үлес қосуда. Жас шабандоздың әлі де талай жетістікке жететініне сеземіз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<