«ҚАЙСАРДЫҢ» ЖЕҢІСТІ ЖОЛЫ ЖАЛҒАСТЫ

538

0

Кеше орталық стадионда Қызылорданың «Қайсары» Алматы облысының «Іле-Сәулет» командасын қабылдады. Бұл ойында жерлестеріміз 4:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесуді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та тамашалады.
Осының алдындағы ойында Оңтүстік өңірден қажетті үш ұпай олжалап оралған жерлестеріміз 58 ұпаймен бірінші лига командалары арасында біріншіліктің көшін бастап тұрған еді. Ал, жетісулық клуб 27 кездесуден соң 52 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында тұрған болатын. Тағы бір айтып өтер жәйт, алматылық футболшылар былтырғы біріншілікте де нәтижелі ойындарымен ерекшеленіп, өкінішке орай шешуші сәтте Премьер-лига жолдамасынан тыс қалған еді.
Сыралғы қарсыластардың ойыны әдеттегідей алма-кезек шабуылмен басталды. Алайда жанкүйерлердің қолдауына қанаттанған қайсарлықтардың басымдығы айрықша байқалып тұрды. Біздің команда сапынан Дмитрий Пархачев, Митя Морец бір-бірден доп соқса, біріншілікте мергендер көшін бастап келе жатқан шабуылшы Жасұлан Молдақараев қос голдың авторы атанды.
Кездесу соңында «ҚазГерМұнай» компаниясының тіккен ұтыс лотереясы ойналды. Бәйгеге тігілген жеңіл көлік Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Мұрат Қыдырбаевқа бұйырды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<