Бокстан 2024 жылғы Азия чемпионы Гүлсая Ержан толайым табысынан кейін туған жерге қадам басты. Оны «Қорқыт ата» әуежайында жерлестері зор құрметпен қарсы алды.
Көпшілік алдында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев құрлықтық додада жеңіс тұғырына көтерілген спортшыға тілектестігін білдірді.
– Таиланд төрінде өткен дүбірлі додаға Азияның тәжірибелі былғары қолғап шеберлері жиналды. Сол жарыста 81 келіде сынға түскен жерлесіміз еліміздің абыройын асқақтатты. Қай кезде де Сыр өңірі спортының беделі биік. Қаншама таланттарға жол ашты. Олардың арасында әлемдік додаларда дүйім елдің көзқуанышына айналған саңлақтар аз емес. Қазір еліміздің боксында қызылордалық боксшылар да жоғары биіктен көрініп келеді. Гүлсаяның жеңісі – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Біз одан алдағы уақытта үлкен жетісіктер күтеміз. Алдағы сайыстарда ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім артамыз. Қай кезде де жергілікті спортшыларға қолдау өз деңгейінде көрсетіле береді, – деді басқарма басшысы.
Құрлықтық додада Гүлсая екі жекпе-жек өткізді. Алдымен жартылай финалда өзбекстандық Сохиба Рузметованы қапы қалдырса, одан кейін финалда украиналық украиналық Карина Айрапетянды тізе бүктірді.
– Азия чемпионатында елдің үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Әрине, жарыс мен үшін оңай болған жоқ. Әрбір қарсыласым – бұрыннан шеберлігі шыңдалған тәжірибелі боксшылар. Шаршы алаң төріндегі сайыста оларға көбірек соққы жасап, ұпай қорын молайтуға күш салдым. Қаншама еңбектің өтеуі қайтты. Біз оқу-жаттығу жиынында құрлықтық додаға көбірек дайындық жасадық. Алда мені үлкен жарыстар күтіп тұр. Жақында ел біріншілігі өтсе, алдағы жылы әлем чемпионаты белгіленген. Негізгі мақсатым – Олимпиада және Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну, – деді Гүлсая Ержан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<