Қызылорда велоспорт мектебі талай шеберлерді тәрбиелеп шығарды. 2007 жылы қызылордалық Берік Көпешов велотректен Азия чемпионы атанды. Одан кейін халықаралық «Астана» велоклубының жастар құрамында болған ол біраз жылдан бері жанкүйер көзінен таса қалып қойды. Көпшілік көкейінде оның қайда жүргені жөнінде сауалдың болғаны рас.
Берік спорттан шеттеп кеткен жоқ екен. 2012 жылы түрлі себеппен велоспортпен қош айтысты. Сол жылы бапкерлік қызметке бет бұрды. Қызылорда қаласындағы арнайы мамандандырылған велоспорт мектебінде шәкірттерге тәлім берді. Соңғы екі-үш жылдың көлемінде елордада қызмет атқарып жүр. Ұлттық құрама сапында жастарға велотрек бойынша тәлім береді.
– Мен үлкен спортқа 2002 жылы келдім. Ол кезде 15 жастан асқан едім. Әдетте, балалар одан ертерек қадам басады. Соған қарамастан велоспорттың қыр-сырын үйренуге көп уақыт жұмсадым. Алғашқы бапкерім – Жетес Сүлейменов қиындығы мен қызығы қатар жүретін спорттың қыр-сырына баулудан жалыққан жоқ. Көп ұзамай еліміздегі түрлі жарыстарға алып барды. Алдыңғы орындардан көріне бастадым. Осылайша жеңісті жолдарым жалғаса берді. 2007 жылы велотректен Азия чемпионы атандым, – деді Берік бізбен әңгімесінде.
Мамандардың айтуынша, ол келешегінен үлкен үміт күттіретін спортшы еді. Еліміздегі білікті бапкерлер сан алуан сайыстарға алып барды. Шеберлігі шыңдалған шымыр жігіт осылайша өзінің есімін әлемдік деңгейде жарқыратап көрсете бастады. Берік бүгінде көптеген беделді бәсекелерде Қазақстан атынан қатысып жүрген «Астана» велоклубының жастар құрамында бақ сынауы сол сенімнің бір көрінісі болса керек-ті. Десе де 2012 жылы үлкен спортпен қош айтысуын көп адам түсінбей қалғаны жасырын емес.
Берік қазір өзінің ізбасарларын тәрбиелеп жүргенін айтады. Олардың қатарында жерлесіміз Бауыржан Жаппарұлы бар. Азия құрлығында жүлдегерлер қатарында көрінген ол алдағы уақытта жанкүйер сенімін ақтайды деуге әбден болады. 2017 жылы Үндістанда өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында командалық жарыста қызылордалық Ғабиден Әзен жеңімпаз тұғырынан көрінді. Елімізде олардан басқа да ертеңінен үлкен үміт күттіретін жастар баршылық.
– Кезінде біздің облыста екі велоспорт мектебі жұмыс істеген екен. Одан бергі жылдарда екеуінің орнына арнайы мамандандырылған мектеп талай өреннің жеңісті жолына ақжол тіледі. Байқаймын, қазір спорттың бұл түріне балалар тарапынан қызығушылық азайып кеткен секілді. Сондықтан кеңінен насихаттау ісіне көңіл бөлінсе деймін. Облыс орталығынан бөлек аудандарда да арнайы үйірмелер ашылса құба-құп. Сонда таланттарды табуға мүмкіндік туады, – деді ол.
Берік қазір еліміздің қай өңірінде де велоспортты дамытуға барлық жағдай бар екенін айтты. Бұл салада материалдық-техникалық база жақсарған. Балаларға арналған велосипедтер алынды. Елордада әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болатын велотрек алаңы салынды.
– Дүние жүзінде спорттың бұл түрінен алдыңғы қатарда келе жатқан Испания, Италия, Ресей спортшыларының қатарына қазақстандық жастар да қосылады деп үміт артамын. Қазір мемлекет тарапынан лайықты қолдау бар, – деді Берік.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<