Бейжіңде медаль бұйырмады

621

0

Өткен жексенбіде Қытай астанасы Бейжіңде 24 қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде аяқталды. Жабылу салтанаты әлемге әйгілі «Құс ұясы» стадионында өтті.

Салтанатты шарада жер-жаһанның әр қиырынан жиналып, екі аптадан астам уақыт бойы жеңіске деген жігерімен көзге түскен спортшыларға үлкен құрмет көрсетілді. Алдымен жарыстың соңғы күнінде өткізілген шаңғымен жарысу спортынан марафон жеңімпаздары мен жүлдегерлері дәстүр бойынша марапатталды. Ерлер арасындағы марафонда ресейлік Александр Большунов, әйелдер арасында норвегиялық Тереза Йохауг алдына жан салған жоқ.

Айтулы шара барысында кинорежиссер Чжан Имоу жетекшілігімен Қытай тарихы мен мәдениетінің қыр-сыры әлем жұртшылығына таныстырылды. Сондай-ақ, ойынның басты қаһармандары – спортшылар шеруі болды.

«Сіздер бір-біріңізге қолдау көрсетіп, мемлекеттер арасында кикілжің болса да бір-бірлеріңізді құшақтап, бір-бірлеріңізді сыйладыңыздар. Осы арқылы сіздің олимпиадалық қоғамдастықта бәрі де тең екенін дәлелдедіңіздер» деді Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах.

ХОК президенті төмен түсірілген Олимпиада туын 2026 жылғы қысқы ойындарды қабылдайтын Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларының мэрлеріне табыстады.

Биылғы Қысқы олимпиадаға еліміздің атынан 34 спортшы аттанды. Қазақстандықтар спорттық шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен ел намысын қорғады. Осы спорт түрлерінің арасында тек шорт-тректен Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта медальға сынық сүйем жетпей, төртінші орынға тұрақтады. Ал 1500 метр қашықтықта Әділ Ғалиахметов үздік сегіздікке кірді. Сондай-ақ, эстафеталық сында қазақстандық шорт-трекшілер 5 орын алды.

Тарихқа көз салсақ, бұдан бұрын еліміздің ұлттық құрамасы 2002 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен XІХ және 2006 жылы Италияның Турин қаласындағы XХ Ойындарында екі рет осылай жүлдесіз қалған еді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<