Кез келген адамның жетістігінің маңызды кепілі – оның тәрбиесі. Мінездің барлық негізгі белгілері, өмірлік принциптері мен моральдық негіздері балалық шақта пайда болады. Сондықтан әрбір ата-ана, тәрбиеші немесе жаттықтырушы балаға ересек болған кезде көргісі келетін қасиеттерді сіңіруге тырысады.
Баланың дамуы үшін сауатты, әдістемелік және жеке көзқарас қажет. 5-6 жасында баланы қандай да бір спорт секциясына беру ұсынылады. Өйткені, спорт баланың ақыл-ой күшін, жауапкершілік сезімін және ең бастысы тәрбиені дамытуға көмектеседі. Осындай спорт түрлерінің бірі – бокс.
Бокс – жекпе-жектің ең танымал түрлерінің бірі. Денешынықтыруды жақсартумен қатар, бокс жүрек-қантамыр жүйесіне, қол-көзді үйлестіруге пайдалы әсер етеді. Залда, рингте мінез шыңдалады, баланың ішкі қабілеттері ашылады. Оның бойында жеңіске деген ерік-жігер пайда болады. Ең бастысы, бокс сабақтары уақытты тиімді пайлануға үйретеді.
Тәртіп – кез келген спорт түріндегі ең маңызды талап. Онсыз ең дарынды спортшы да жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайды. Тағы бір артықшылығы, жаттығуда бала өзін-өзі басқаруды үйренеді. Уақыт өте келе ол өзінің денесі мен ойын басқаруға бейімделеді. Себебі, бокста шапшаң қимылдау, тез ойлану маңызды. Мұнда мидың белсенділігі арта түседі.
Бокста бәрі бірнеше секунд ішінде яғни, автоматты түрде бағалау жекпе-жектің нәтижесін шешеді. Уақыт өте келе, бұл дағдыға айналады. Сонда бала жағдайды тез, анық және сауатты бағалап, дұрыс шешім қабылдай алады. Бала ширақ, шымыр болып өссін десеңіз, оны спорт үйірмесіне берген жөн. Бокс қауіпті спорт түрі деп аталса да, оның мінезді шыңдайтыны анық.
Қысқасы, бокс спорты – бұл нағыз ер балаларға арналған мектеп. Олимпиада чемпионы болғыңыз келмесе де, алған барлық дағдыларыңыз пайдалы болады.
Асхат НЕСІПБАЕВ,
Ә.Тыныбаев атындағы №11 мектеп-лицейінің
денешынықтыру пәні мұғалімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<