Боз кілемнің батыры

321

0

Хорватия елінен жеткен ақжолтай хабар барша қазақ баласына қуаныш сыйлады. Шартараптан келген балуандар аптадан астам уақыт бойы бозкілем үстінде кімнің мықты екенін дәлелдеді.

Әлем чемпионатында 60 келіде жеңімпаз тұғырынан көрінген жерлесіміз Айдос Сұлтанғали қарсыласының барлығын қоғадай жапырып, жұмыр жер жұртшылығы алдында тәуелсіз еліміздің тұғырын биікке көтерді. Бұл – еншімізге ширек ғасырдан астам уақыттан кейін бұйырған бас жүлде.

«Аянатын несі бар…»

Дүниежүзілік додаға қашанда тәжірибелі спортшылар келеді. Кіл мықтының арасынан кімнің мықты екені таразыланады. Бала кезінен күрестің қыр-сырына қаныққан Айдос бұл жолы чемпиондық атаққа қол жеткізу үшін барынша күш салды. Алқалы жұрттың алдында көзді ашып-жұмғандай қысқа уақытта жеңімпаз анықталады. Мұны балуандар жақсы түсінді.

Қазірге дейін Әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлдені қанағат тұтқаны тағы бар. Қысқасы, осындай жағдайлар Сыр оғланын ширықтыра түсті.

Айдос Әлем чемпионатында алдымен АҚШ спортшысы Максвелл Блэкті 7:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Олимпиаданың қола жүлдегері Се Ун Риден (Солтүстік Корея) басым түсті. Корей балуанымен өткен кездесу жерлесімізге оңай соқпады. Бұл жөнінде Айдостың өзі де айтып берді.

– Солтүстіккореялық балуанмен бұған дейін екі рет шеберлік байқасқан едік. Ыңғайсыз қарсылас екенін жасыр­маймын. Сол балуанмен кішкене қиын­дықтар болды. Құлағыма қарсыластың шынтағы тиді, содан қасым жарылды. Құлағым кішкене ауырсынды. Бірақ сол арада таңғышты орап, әрі қарай күресу керек болды. Алтынға бір қадам қалғанда аянатын несі бар, қас жарылса да, қалай болғанда да сол алтынды жұлып алып кету керек еді, – дейді Айдос ағынан жарылып.

Финалда өзбекстандық Алишер Ганиевпен күш сынасты. Белдесудің қорытындысы бойынша Айдос 9:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша отандасымыз жеңіс тұғырына көтеріліп, әлем алдында Қазақстан абыройын аспандатты.

– Дүбірлі додаға өз деңгейінде әзірлігімізді жүргізе алдық. Әрине, спортта әрдайым ойлағаның жүзеге аса бермейді ғой. Ұлттық құрамадағы өзге де балуандар жүлде үшін барын салды. Сәтсіздік те алдыңды орайды. Бозкілем үстінде түрлі жағдай кездеседі. Өкініштісі, оларға жүлде бұйырмады. Бірақ бәріміз бабымызда едік.

Әр белдесуден соң одан сайын жігерлендік. Шаршаудың орнына ширыға түстік. Алға қарай ұмтылдық. Өзге балуандар алдағы уақытта толайым табыспен қуантады деп ойлаймын. Жарыс барысында жеңіс те, жеңіліс те кездесіп жатады, – деді Айдос.

«Үйірмеге екінші сыныпта келген еді

Жерлесіміз енді сәл тынығып алып, алдағы жарыстарға дайындығын пысық­тайды. Ұлттық құрама жақын уақытта қайтадан оқу-жаттығу жиынын бастайды. Алда Азия ойындары жақын­дап келеді. Әлем чемпионатында құрлықтық бәсекеге жолдама берілді. Сол айтулы сайыста тағы бір мәрте жеңіс тұғырынан көріну – негізгі мақсаттың бірі.

– 2028 жылғы Олимпиада ойын­дарына дейін әлі үш жылдай уақыт бар. Әзірге ол жайлы алысқа ой жүгіртпей-ақ қоялық. Әрбір спортшының басты мақсаты – Олимпиада ойындары. Бәрі ойдағыдай өтіп, онда бақ сынау мүм­кіндігі туып жатса, топ жаруды көз­деймін, – деді Айдос тағы бір сөзінде.

Сыр саңлағы 2024 жылғы Париж Олимпиадасында бақ сынады. Десе де ол жолы жүлделі орындарға қол жеткізе алған жоқ. Білікті мамандар Айдостың мүмкіндігі жоғары болғанын айтқан еді.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім берді. Жастар және жасөспірімдер ара­сын­дағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз ел сенімін ақтап келеді.

– Шәкіртім грек-рим күресі үйірмесінің есігін екінші сыныпта оқып жүргенде ашқан еді. Бала кезінен ерекше қабілетімен көзге түсті. Үйреткен әрбір әдіс-тәсілді жылдам меңгеріп алатын. Оны жарыс барысында шебер қолданып, қарсыласын талай мәрте қапы қалдырды. Сегіз-тоғыз жасы­нан ерекше танылды. Білікті ма­ман­дар шәкіртімнің шеберлігін ерекше бағалайтын. Елімізде жас­өспірімдер арасындағы бәсекелерде көбірек көзге түсті. Оған қоса бала кезінде атқа құмарлығы байқалатын. Бәйгеде шабандоз ретінде қатысып, талай мәрте жеңімпаз атанғанын білеміз. Беріде Айдос Солтүстік Қазақстан облысында спорт-интернатта тәлім алды. Одан кейінгі өмір жолы көз алдымызда өтіп жатыр. Әр жарысқа бірге дайындаламыз. Қазір Айдостың тәжірибе жинап, нағыз толысқан шағы деп ойлаймын. Шәкіртімнің басты ерекшелігі – жарыстың қай-қайсысына да үлкен жауапкершілікпен қарайды. Алар асуы әлі алда деп білемін, – деді жеке бапкері Ғабиден Райымбек.

Ақ батаның құдіреті

Айдостың есімі күрес әлемінде ерте танылды. Ол 22 жасында Венгрия астанасы Будапештте (2018 жыл) өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл жетістігін 2022 жылы Сербия астанасы Белградта өткен дүбірлі додада тағы бір мәрте қайталады. 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Десе де, талантты балуан Токио Олимпиа­дасы­нан сырт қалып, өзінің командаласы Мейрамбек Айнағұловқа жол берді.
– Қазір қандай сезімде екенімізді сөзбен айтып жеткізу қиын. Әр ата-ана үшін баласының жетістігі – ерекше қуаныш. Әлем чемпионатын тамаша­лаған сәттегі сезімімді сөзбен айту қиын. Еліміздегі барша жанкүйер Айдостың тілеуін тілеп, жеңіске жетуіне қолдау білдірді. Барша халықтың сенімі Айдосты арқалан­дырып, күш-жігер берді. Несін жасы­райын, ұлымның жеңіске жететініне сендім. Әрине, қай қарсыласы да осал болған жоқ. Көңілімізде үміт те, күдіктің де болғаны рас. Ұлымды әр сапарына өзім шығарып саламын. Әуежайда ақ батамды беремін. Қашанда оның амандығын тілеп, жеңісті жолын жалғастыруына дұғада боламын, – деді әкесі Сұлтанғали Кеулімжаев.

Ал анасы Апиза Самилова да баласының белдесуін назардан тыс қалдырмаған. Ол кез келген ата-анаға сабыр мен төзім керектігін тілге тиек етті. Әсіресе спорт жолын таңдаған балаға қолдау аса маңызды. Ата-анасы Айдосты кішкентайынан спортпен алаңсыз айналысуына барынша қолайлы жағдай жасап келеді. Өзге дүниеге алаңдата бермейді. Уақытылы демалуын бақылайды.

Грек-рим күресінен ұлттық құра­маның бас бапкері Қонысбек Төкенов баспасөз өкілдеріне берген сұхбатында шәкіртінің табысына жоғары баға беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

– Айдос бұған дейін рейтингтік турнирде өзбек балуанымен кездескен еді. Сол бәсекеде қарсыластың мерейі үстем болды. Ал Айдос Әлем чем­пионатының финалында осы қар­сыласын 9:0 есебімен тізе бүктірді. Алда Азия ойындары күтіп тұр. Онда да бәсекелестік деңгейі өте жоғары болады. Қараша айының аяқ шені мен желтоқсан айының басында ел чемпионаты өтеді. Онда ұлттық құраманы жасақтаймыз. Алдымызда екі жарыс күтіп тұр. Алдымен Азия ойындары өтсе де, одан кейін тағы бір мәрте Әлем чемпионатында бақ сынаймыз.

Балуандарды ел чемпио­натынан босатпаймыз. Себебі ішкі бәсекелестік деңгейін көтеру қажет. Ендігі кезекте балуандар жеке бапкерлерімен ел чемпионатына дайындалады. Алдағы мақсатымыз – Олимпиада чемпионы. Оған Айдос секілді шәкірттерім қол жеткізеді деген сенімдемін, – деді ұлттық құраманың бас бапкері.

Әлем чемпионатынан табысты оралған балуанды жерлестері ерекше сән-салтанатпен күтіп алды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаз бен жеке бапкеріне жүрекжарды лебізін білдіріп, жерлестері атынан сый-сияпат көрсетті.

Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»