Әнұран естілгенде туған елінің қуатын сезініп, кеудесін қуаныш кернемейтін жан жоқ шығар. Әлемдік аренада екі жағдайда ғана елдің Әнұраны шырқалады: мемлекет басшыларының ресми кездесулері мен спорттық жарыстарда жеңіске жеткен кезде.
Тәуелсіздік алғалы бері ел спортшылары бір тудың астында жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп келеді. кеше ғана Ташкент төрінде Қазақстан намысын қорғаған спортшы Айсамал Сансызбаеваның жарыстағы жетістіктерінің құрметіне Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды.
– Спортта жетістікке жетіп, өзге елде Әнұранды шырқатып, Туды биікке көтеріп, тұғырда бірінші тұру – әр спортшының арманы. Әнұран шырқалғанда көп спортшы көзіне жас алады. Тұғырда бірінші болып Әнұран шырқалған сәтте жан дүниең тебіреніп, елің мен жеріңе деген сүйіспеншілігің арта түседі. Жеңіске деген құштарлығың ашылып, еткен еңбегіңнің еш кетпегенін түсінесің, дайындық жолында қиналған сәттердің барлығы ұмытылады. Өзге елде жеңіске жетіп, Әнұранды шырқатып, бүгінгі бейбіт күннің батыры болып үлес қосып жүргенімізге қуаныштымын, – дейді спортшы.
Бірер күн бұрын ғана Айсамал Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, Әнұранымызды тағы бір асқақтатты. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 258 келіні бағындырып, 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілді.
– Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалатын жеңіс тұғырында тұрған кезде ғана бастан кешетін сезімді сөзбен жеткізу өте қиын. Өткен жылы Ташкентте болған Азия чемпионатында 2 мəрте алтын медаль алып, Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының жеңімпазы атандым. Осылайша, шетелдік алғашқы жарыстарымның өзінде жеңімпаз болып, елімнің Әнұраны шырқалды. Абыройдың асқақтап жатқанын, еліміздің бүкіл әлемге танылып жатқанын сезінесің. Тұғырда тұрған сәтте бойыңдағы күш-жігер, намыс оянады. Сол жарысымда өте қуанышты сезімде болдым, өйткені ең алғашқы қадамым алтынмен басталып, Аллаға шүкір, алтынмен жалғасуда. Барша қазақстандықтарды шын жүректен Рәміздер күнімен құттықтаймын. Әрқашан еліміздің абыройы асқақтап, көк Туымыз желбірей берсін деген тілектеміз, – дейді ол.
Айсамал Сансызбаева Шиелі ауданының тумасы, қазір Жалаңтөс баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында оқиды. Жас спортшы осымен үшінші рет байрақты бәсекелерде жеңіске жетіп, Әнұранымызды әуелетті.
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<