Бокстан биылғы ел біріншілігі қараша айында Шымкент қаласында өтетін болып бекітілді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Қазақстан бокс федерациясы 2020 жылғы ел біріншілігін өткізу үшін Шымкент қаласын таңдап алды. Ерлер де, әйелдер де бір мезетте сынға түсетін дода 23-29 қараша аралығында өтеді. Шымкент қаласының республикалық жарыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі мол. Сондықтан чемпионат сәтті өтеді деген сенімдеміз», дейді ҚБФ президенті Кеңес Рақышев.
Шымкент қаласы 2017 жылы ел біріншілігін, 2019 жылы V жазғы Спартакиаданы абыроймен өткізген. Коронавирустың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметі бойынша, Шымкент қаласы мен Түркістан облысы эпидемиялық жағдай тұрақты саналатын «жасыл аймаққа» енеді. Аталған өңірде вирус жұқтырғандар аз тіркелуде.
«Біз Шымкент қаласының бас санитар дәрігерінен рұқсат алдық, енді еліміздің бар аймағынан келетін спортшыларды қабылдауға дайындалып жатырмыз. Бұл ерлер мен әйелдер арасындағы дода бірлесе өткізілетін алғашқы біріншілік болмақ. Өкінішке қарай, залға көрермендер кіргізілмейді. Ал біз ұлттық чемпионатты жоғары деңгейде өткізу үшін бар күшімізді саламыз», дейді Шымкент бокс федерациясының атқарушы директоры Рахманбек Арғымбаев.
Ал ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың айтуынша, құрамада жүрген барлық спортшы карантин уақытында бос жатпай, бәрі өз беттерінше жаттығу жасаған. Кейіннен Алматыдағы АИБА академиясында бас қосып, екі оқу жаттығу жиынын өткізген. Қазіргі таңда барлығы өз облысының жігіттерімен ішкі біріншілікке тыңғылықты дайындалып жатыр. Сондай-ақ бас бапкер жарты жылдан аса шаршы алаңға шықпаған шәкірттерінің күші бойына сыймай, барлығы тезірек жекпе-жек өткізуге асығып жатқанын жеткізді.
«Карантинге қарамастан, боксшылар дайындығын тоқтатқан жоқ. Федерацияның жаңа президенті Кеңес Рақышевтің қамқорлығының арқасында уақытында қаржыландыру алды. Қазақстан бокс федерациясының құрметті президенті Тимур Құлыбаевтың тапсырмасы бойынша спортшыларға жаңа спорттық форма берілді. Бізге жетіспейтін жалғыз нәрсе – бәсекелестік рухы, нағыз жауынгерлік тәжірибе, онсыз боксшылардың шеберлігі өспейді. Жарыста өздерін жақсы қырынан көрсеткен жігіттер ұлттық құрамаға алынып, алдағы уақытта ел намысын қорғайтын болады. Сондықтан біз осы чемпионаттан кейін жаңа боксшылармен құраманы жаңартамыз деген ойдамын. Ал желтоқсаннан бастап шетелге жиындар мен турнирлерге шығамыз деп үміттенемін», дейді бас бапкер.
Айта кетейік, чемпионатты Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отыр.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<