Дәстүрлі спартакиада мәресіне жетті

1267

0

Жаңақорған ауданында «Алтын күз-2021» облыстық спартакиадасы мәресіне жетті. Төрт күнге созылған спартакиадада спорттың 15 түрінен жүлделер сарапқа салынды.

Биыл отыз төртінші мәрте жалауын көтерген дәстүрлі шараның ашылу салтанатында аудан әкімі Руслан Рүстемов жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.  Одан кейінгі кезекте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жағыпар Тәжмаханов өз тілектестігін білдірді.

Спартакиада нәтижесінде Жаңақорған ауданы жалпы командалық есепте көш бастады. Аудан спортшылары баскетбол, волейболдан ерлер мен қыздар арасында бірінші және екінші орын алды. Сондай-ақ, қазақ күресі мен көкпар, аударыспақтан жоғары жетістікке жетті. Спорттың өзге түрлерінен де алдыңғы орындардан көрінді.

Сырдариялықтар да үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. Олар тоғызқұмалақтан жеңімпаз атанса, қол добы мен теңге ілуден екінші орын алды. Ал гір тасын көтеруде үздік үштікке ілікті.

Жалпы командалық есепте үштікті Шиелі ауданының командасы түйіндеді. Олар футбол, теңге ілуде бірінші, шахмат пен аударыспақта екінші, үстел теннисінен үшінші орынға табан тіреді. 

Бір ғана ұпаймен қалыс қалған Арал және Жалағаш аудандарының құрамалары 4-ші және 5-ші орынға жайғасты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<