Адам өмірінде спорттың, яғни дене тәрбиесінің тигізер пайдасы зор. Спортпен айналысқан адам ширақ, жылдам, төзімді болып келеді. «Дені саудың – жаны сау» деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Ол адам өмірінің ұзаруына және жан мен тәннің үйлесімді дамуына, салауатты өмір сүруде таптырмас құрал екені айқын.
Жалпы білім беретін орта мектептің алға қойған негізгі мақсаты – оқушыларға салауатты өмір салтына сай қағидаларды үйретіп, болашақтың тірегі, дені сау, күшті, епті, қиындықтан қорықпайтын төзімді, қабілетті азамат тәрбиелеу. Спорт оқушылардың ұжымдық қарым-қатынастарын, тез зейін қоюы мен шапшаң ойлауын, шешім қабылдап, нақты іс-әрекет жасай білу дағдысын қалыптастырады.
Денешынықтырудың профессионалды бағытында ұйымдастырушылық-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық кешенінде оқушылар тұлғасына әсері қандай?
Біріншіден, тұлғаның дене мәдениетін, психофизикалық өзіндік қалыптастыру арқылы салауатты өмір салтын ұйымдастыруға, ой еңбегі мәдениетін жақсартуға болады.
Екіншіден, дене тәрбиесі және спорт тәрбиесіне компонентті түрде қолданып, баулу арқылы дене мәдениетіне мән береді. Ұстаздар бірлесіп, келісіммен жұмыс істеу арқылы оқушыларды денсаулығын нығайтуға, физикалық мүмкіндіктерін дамытуға, ой және дене еңбегін арттыруға, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелейді.
Дене тәрбиесінің көптеген қырлары, сондай-ақ профессионалды-педагогикалық білімді жетік меңгерген әр ұстаздың шығармашылық және танымдық белсенділігі артады. Ең бастысы, ғылыми профессионалды деңгейінің дайындығы жоғары дамып, оқытушы кадрлардың профессионалды еңбегінің тұрақты болуына әрі өз қызметіне жоғары жауапкершілікпен қарауға, өсіп келе жатқан ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөледі.
Ғалымдардың пікірінше, оқушылардың сабаққа назар аудару белсенділігі әртүрлі болады. Мысалы, бірінші сынып оқушыларының назар аудару белсенділігі 15-20 минутқа дейін созылады. Ал жоғары сынып оқушыларында 20-25 минутқа дейін жалғасын табады.
Шаршаудың ең бастапқы кезеңінде оқушылар тынымсыз болып, басқа жаққа көңіл аудара береді. Сабақ кезінде сөйлесіп, тұрған орнын ауыстырып, оқытушы сөздеріне аса назар аудара қоймайды. Мұндай әрекеттер – оқушылардың аса қатты шаршағанының белгісі.
Жоғарыда аталып өткен оқушылардың тынымсыздығын азайту үшін таңдалған спорт түріне немесе ұйымдасқан жағдайда дене тәрбиесі минутында дене жаттығуларын жасау аса маңызды.
Дене тәрбиесі минуты сыныпта педагогтің немесе дене тәрбиесі мұғалімінің бақылауымен жүргізіледі. Бұндай жаттығулар 1-2 минуттан аспауы тиіс. Оны оқушылардан сабақ кезінде шаршау белгілері көрінсе, назары төмендеп, белсенділігі жойылған уақытта жүргізген абзал. Сабақты жүргізіп жатқан ұстаз дене тәрбиесі минутын қашан өткізгісі келсе өз еркі. Әсіресе бастауыш сыныптарда барлық сабақтарында өткізген дұрыс. Оқушылар жаттығуларды тұрып орындау керек.
Кешенді жаттығулар 3-5 жаттығудан құралып, 4-6 рет қайталанады. Оған жеңіл, жай, қозғалыстың қиын координациясын қажет етпейтін жаттығулар кіреді. Олар көбінесе буын мүшелеріне бағытталуы керек. Негізінен оқушыларға отырған қалыпта жұмыс істемейтін буындарға жаттығу жасату аса маңызды. Еңкею, жартылай еңкею, отыру, жартылай отыру, қолды қозғалту, керілу сияқты жаттығулар дұрыс.
Қоңырау кезінде оқушылардың белсенді демалуын мекеме директоры бекітіп, тәрбие жөніндегі меңгерушісі іске асырады. Меңгеруші сабақ режимінің атқарылуын бақылап, ұйымдастырушылық сұрақтарын шешуге көмектесіп, қозғалыстағы қоңыраудың жүргізілу кестесін құрастырады. Ойындардың тұрақты жүргізіліп тұруына сынып жетекшілері жауапты болады. Дене тәрбиесі мұғалімі сабақтан тыс жұмыстармен айналысатын меңгерушімен бірлесіп, әр сыныпқа қозғалыстағы қоңырау кестесін құрастырады. Педагогикалық кеңесте айына бір рет оның жүргізілуі мен ұйымдастырылуы бойынша сөз қозғалады.
Оқушылардың белсенділігін, денсаулығын арттыру мақсатында таза ауада жаттығулар жүргізілу керек деген пікірге ешқандай ұстаз қарсы болмайды деген ойдамын.
Оқушыларды тез арада ұйымдастыру үшін неше түрлі ойындар жүргізуге болады. Мысалы, гимнастикалық орындықтан, обруч арасынан өту ойындарын өткіземіз. Бұндай жаттығулар негізгі ойынды бастар алдында дайындық ретінде жүргізіледі. Оқушыларды санақ бойынша, топ-топқа бөліп ойынды бастайды. Уақытты көп жоғалтпау үшін ту, лента, доп қолдануға болады. Ұйымдастырылған қоңырау кезінде оқушыларға ойынның шарты түсіндіріліп, қойылатын талаптар айтылады.
Осындай жағдайда ғана оқушыларға моральды және бостандық қырларына тәрбиелеу жұмыстарын жүргізуге болады. Ойынды бастамас бұрын мұғалім атын және шарты мен талаптарын түсіндіреді. Бұндай еске түсірулер қысқа және ұғынықты, нақты болуы керек. Өйткені бастауыш сынып оқушылары ойынды тез бастап кеткісі келеді. Оқушыларға мәлім не болмаса жеңіл ойындарды жүргізу тиімді. Егер де жаңа, оқушылар білмейтін ойын ойналатын болса, ұстаз шартын түсіндіргеннен кейін, қалай екенін көрсетеді. Содан кейін ғана ойын өз шарты бойынша өткізіледі.
Алмат ЖҰБАНОВ,
облыстық денешынықтыру,
спорт және туризм басқармасының маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<