Көгалдағы хоккейден Қызылорда облысы құрамасының
аға бапкері Сұлтан Қобландинмен әңгіме
«Вахшта» ойнаймын деп ойлаппын ба?
Аяқасты Алматыға ауыстым.
– Сұлтеке, аты елімізге мәшһүр тереңөзектік көгалдағы хоккей командасы айтылса, сіздің есіміңіздің қоса естілетіні анық. Жалпы, осы жолдағы жеке тарихыңызға тоқталып өтесіз бе?
– 1977 жылы Тереңөзектен мектеп бітіріп, Душанбе қаласындағы «Денешынықтыру және спорт» институтына оқуға түстім.
– Ол жаққа қалай барып қалдыңыз?
– Біздің ауылдың азаматы Жақсылық Аяпов сол жақта қызмет етті. Менен бір жыл бұрын Төлеген Бикенов ағамыз да осы институтқа түсіпті. Оны да, мені де өзіне қарай тартып жүрген сол кісі болатын.
Ауылда футбол ойнап, жүгіріп дегендей, спортқа құмар болып өстім. Институтта «Скиф» деген көгалдағы хоккей командасы бар екен. Сол командаға жазылып, ойнай бастадым. Жаттықтырушыларға менің ептілігім, ерінбей еңбектенетінім ұнаса керек, көп ұзамай-ақ «Вахш» деп аталатын Тәжікстан құрама командасына шақырту алдым. Мен барғанда 1-лигада ойнайтын құрама жоғары лига ойындарына қосылды. Осы командада жүріп, Одақтың біраз жерін араладық.
Оқу-жаттығу жиындары Самарқанд қаласында өтетін. Бір жылы осы жерге Алматының «Динамо» командасы келді. Команда бапкері Эдуард Айрих деген кісі екен. Мені көрген сол бапкер: «Алматыға кел, қазақсың ғой, оқуыңды ауыстыруға өзім көмектесемін», – деді.
Айтқанында тұрды. Мен 1982 жылы оқуымды Алматы денешынықтыру және спорт институына ауыстырып, алматылық «Динамоның» сапына кірдім.
Алматы «Динамосы» – көгалдағы хоккейден 2 рет Еуропа кубогын, 19 рет КСРО чемпионы атағын алған атақты команда. Осы команда арқылы атым шыға бастады. Әскерге барып, СКА спорт клубында ойнадым. Екіжылдық Отан алдындағы борышымды өтеген соң, Украинаның «Васелкова» командасынан шақырту түсті…
Ақыры ауылға оралдым.
Әріп ағайдың қамқорлығы.
– Шақырған жерлерге неге бармадыңыз? Ал, ауылға келіп хоккейді қалай қалыптастырдыңыз?
– «Доп қуып жүре бересің бе, ауылға қайт, үйлен, ер – туған жеріне…», – деді анам. Ана сөзі – заң, 1986 жылы ауылға келдім, үйлендім. Көп жыл «Іңкәрдария» совхозында қара жұмыс істеген әкем Ибрагим 1982 жылы қайтыс болған еді.
Менен бұрын ауылға оралған Төлеген Бикенов бейімді жастарды жиып, көгалдағы хоккей командасын жасақтапты. Бұрын ол кісі де «Вахшта» ойнаған. Төкеңнің бір жағында жүріп, сүйікті ісіммен айналыстым. Бірақ, 1990-жылдан кейін команда тарап кетті. Ақша жоқ, «ораза, намаз тоқтықта» демекші, жұмыс жоқ, ақша жоқ, жұрт ойынды қайтсін. Содан 2000 жылға дейін өзім оқыған мектепте денешынықтыру мұғалімі болдым. Зайыбым Сафура да мектепте шет тілінен сабақ берді. Күнкөріс қамымен әр жақтан әр нәрсе әкеліп үстеме бағасына сатып та жүрдім.
1999 жылдың соңында аудан әкімі ауысты, басшылыққа Әріп Қожбанов келді. Біз бұрын ол кісіні білмейтінбіз. Келген бойда қарапайым қалпын, кез келгенмен тіл табыса білетінін аңдатты. Жаңа жылдан соң жаңа басшының спорт залға, стадионға жиі келетінін көрдім. Бұл әкімнің бір жағы жалпыны салауатты өмір салтына үндеуі, екінші жағы ел-жұртпен жақын араласуды ұнатқаны болар, оның үстіне өзі де спортты жақсы көреді.
Бір күні әкімдіктің бөлім қызметкерлері, мектеп мұғалімдері – бәріміз футбол ойнадық. Ертеңіне аудан басшысы мені өз қабылдауына шақырды. Мен туралы сыртымнан сұрап біліпті. Бірден аудандық спорт бөліміне жұмысқа қабылдады. «Қандай мәселе бар?» – деп сұрады. Көгалдағы хоккей командасында бұрын ер балалар ойнағанын, енді қыздар командасын жасақтағым келетінін, бірақ қажетті құрал-сайманнан құралақан қалғанымызды айттым. «Ештеңеге алаңдамай іске кіріс. Алматыға бар да, керек-жарағыңды алып қайт, ақша тауып беремін», – деді Әріп аға.
Аудан басшысы қамқорлық танытып, дем беріп тұрған соң іске кірісіп кеттім. 2001 жылы қыздар командасы құрылды. Бұл спорттың ауданда бұрыннан ізі бар, сондықтан қыздар аз уақытта ойын өрнегін көрсете бастады. Командаға сол кезде аудандағы барлық шаруашылықтың ауырын арқалап, жүгін жеңілдеткен «Шапағат-Лимитед» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қаржылық қолдау жасап отырды. Осы жылы Қазақстан қыздар құрама командасымен бірге Францияда өткен әлем чемпионатына бардым. Құраманың бас бапкері Саян Шәймерденов «Қыздар командасын құрып жатырсың, тәжірбие жинап қайтасың» деген-ді. Бұл сапарыма мұнай компаниясы демеушілік жасады. Осының бәрі, әрине, аудан басшысының араласуымен атқарылып жатты.
Сөздің шыны керек, Әріп аға команда мерейін көтерді, команда елдің намысын қорғады.
Ол кісі аудан басқарып тұрған төрт жыл ішінде қыздарымыз екі рет республика чемпионы атанды. Бұл үлкен жетістіктеріміздің басы еді.
Көгалдағы хоккейдің
көп сыры бар.
Құрамадағы 18 ойыншының – 9-ы тереңөзектік.
– Көгалдағы хоккейді маман есебінде сипаттап беріңізші? Қазақстан құрамасындағы орындарыңыз қандай?
– Қайқы таяқпен қылыштасқан ойыншыларды талай қызықтаған шығарсыз. Бұл спортта ойыншылар футболдағы сияқты бойын тік ұстап жүгірмейді. Еңкейіп жүріп, екі көзімен кішкентай допты қуалап, атой салады. Сол кішкентай доп оқша зырлайды, адамның бір жеріне тисе, аттан құлағандай жығады. Алаң да футбол стадионынан кішкентай, сондықтан барлық ойыншы бір мезгілде қозғалыста болады. Ептілік, батылдық, әбжіл шешім қабылдау – олардың бойына біткен өнер. Жан-жақтан анталағандар қас қағым сәтте кеудеңнен қағып түсуі мүмкін. Ал, мұрттай ұшып, қақ шекеңе қайың ағаш тисе, қайтып қатарға тұруың екіұдай. «Қорқақтар хоккей ойнамайды» деген орыстың сөзі тегін айтылмаған.
2006 жылы тереңөзектіктерден ерлер командасы құрылды. Сол кездегі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы С.Мұстафаев осы іске көп көмегін тигізді.
Хоккей қазақ баласына таңсық ойын емес. Кішкентай кезінде осы аға буынның бәрі де көк мұздың ақ қанын, қара жердің ақ шаңын шашып доптаяқ ойнаған. Сондықтан болар, сол жылы-ақ біздің ойыншылар ҚР біріншілігінде I орын иеленді. Мұнан кейінгі ҚР Кубогін 4 рет алып, Қазақстан чемпионы атанды.
Мен 2011 жылдан бастап көгалдағы хоккейден Қазақстан ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін қоса атқарып жүрдім.
2013 жылы облыс әкімі болып тұрған Қ.Көшербаев көгалдағы хоккей спортын дамыту үшін спортшыларды түрлі халықаралық жарыстарға және оқу-жаттығу жиындарына қатыстыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында «Сырдария» кәсіпқой көгалдағы хоккей спорт клубын құруға тікелей көмек көрсетті. Осы қамқорлықтың арқасында қазіргі күні хоккейшілердің бәрі айлық жалақы алатын болды.
Біздің команда 2013-2017 жылдар арасында республикалық барлық турнирде ерлер арасында да, қыздар арасында тек 1-орын алып келді.
2014 жылы Ресейдің жоғары лигасында өнер көрсетіп, 1-орын алды. Осы жылы Азия кубогінің чемпионы атанды. Құрама мүшелері: А.Маханова, Г.Бахаваддин, Қ.Болғанбаева, А.Чепкасова, Сражаддинова, Н.Сансызбаев, Б.Сәрсенбайұлы, М.Ешпанов, Б.Тәженов, М.Сансызбаев, Е.Қайқыбеков, Ғ.Әлиев «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағының талабын орындады.
«Самара кубогі» халықаралық турнирінде ерлер командасы I орынды иеленді. 2018 жылы Қаратау қаласында индор хоккейден республикалық турнирде ерлер командасы да, қыздар командасы да 1-орынды жеңіп алды.
2018 жылы Ресей Федерациясының көгалдағы хоккейден Жоғары лига ашық чемпионатында ерлер командасы 1-орынды олжалады.
2019 жылы Азия кубогын алдық. Қазақстан құрамасындағы 18 ойыншының – 9-ы тереңөзектік. Мұқағали Сансызбаев қана Қазалыдан. Біз оны әзілдеп «легионер» дейміз. Өте шебер ойыншы. Осындай ойыншыларымыз барда, көгалдағы хоккей көктей береді.
Туған жердің сыйы қымбат.
Олимпиаданы
кім армандамайды.
– Көп жылғы еңбектің еленгені анық. Спорттық дәрежелеріңіз өз алдына, жақында сізге «Сырдария ауданының құрметті азаматы» деген атақ берілді. Қаншама жасты спортшы қылып шығардыңыз, ел абыройын асырдыңыз. Сондықтан, лайықты атағыңыз құтты болсын дейміз.
Талай мықтының талапайын шығарып жеңген ел құрамасы енді Олимп шыңына қарай қол созатын шығар?
– Жалпы, біздің тереңөзектік командадан 20 жылда 129 спорт шебері, 15 халықаралық спорт шебері шықты. Бұл – еткен еңбек, төккен тердің өтеуі.
Рас, спорттық мансабымда КСРО чемпионы, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы», спорт шебері деген дәрежелерім бар. 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары эстафетасының алаугері болдым. Омырауыма бірнеше медаль тақтым. Осының бәрі – атақ, құрмет. Алайда, ауданымның құрметтеп берген атағы – бәрінен қымбат.
Алдағы 2021 жылы наурыз айында ел құрамасы Бельгияда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Егер алғашқы жетілікке енсек, онда олимпиадиаға қатысуға үміт бар. Дегенде, мықты командалар көп. Олардың дайындықтары да талапқа сай өтеді. Біздің әлі өз стадионымыз да жоқ. Облыс басшылары көгалдағы хоккей стадионы алдағы жылдары салынады деп отыр.
Мен бүгінгі абыройға осы спортқа жанашырлық танытып, демеу болған жайсаң жандардың арқасында және ел намысы дегенде бел кеткенін білмейтін қайсар ойыншылардың жанкештілігімен жеткенімді жақсы білемін.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<