Мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығын ұлықтау аясындағы облыс әкімінің жүлдесіне арналған XXIV дәстүрлі спартакиада аяқталды.
Жарыста 18 командаға топтасқан 1000-ға жуық мемлекеттік және ведомстволар қызметкерлері спорттың 8 түрінен сынға түсті.
Екі топқа бөлініп, жарысқа шыққан командалар даярлығы мен мықтылығын сарапқа салды. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері бас жүлдеге лайық екендіктерін дәлелдеді. Екінші орынды шекара отрядының 2019 әскери бөлімі, үшінші орынды облыстық төтенше жағдайлар департаменті иеленді. Осылайша күштік құрылымдар бірінші топта өзгелерден оза шапты.
Екінші топта қала әкімінің аппараты өзгелерден үздік шықты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының және статистика департаментінің қызметкерлері де осалдар қатарынан еместіктерін көрсетті.
Спорттың әр түрінен жеңіске жеткендер мен жүлдегер командаларға естелік сыйлықтар, дипломдар табысталса, жалпы есепте жеңіске және жүлдеге ие болған командалар ауыспалы кубок, дипломдармен марапатталды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен шара, мемлекеттік қызметшілердің спортпен жүйелі түрде айналысатындарын көрсетті. Олар Елбасы Жолдауында көрсетілгендей, бұқаралық спортты одан әрі дамыту, қызметкерлер арасында спортпен тұрақты айналысуды насихаттап келеді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<