Сыр ұланы тарихи жеңіске қол жеткізді. Хорватия астанасы Загреб қаласында грек-рим күресінен жерлесіміз Айдос Сұлтанғали (60 келі) Әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Қазақ елінің абыройын аспандатқан Айдосқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хатын жолдап, өзінің ізгі лебізін білдірді. «Айдос Сұлтанғалиды Әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін» деп жазды Президент Instagram парақшасында.
Бұл – қазақ спорты үшін зор табыс. Ел құрамасы қоржынына 26 жылдан кейін алтын медаль түсіп отыр. 1999 жылы қазақстандық Мхитар Манукян (63 келі) жеңіске жетсе, 1998 жылы Бахтияр Байсейітов Әлем чемпионы болған. Әрбір жетістік үшін спортшы қаншама тер төгеді, уақытын жұмсайды. Айдос қаншама бәсекеде ел намысын қорғап, шеберлігін шыңдай білді, тәжірибесін арттырды. Әлем чемпионатындағы жеңіс – сол маңдай тердің өтеуі.
Дүбірлі дода жерлесіміз үшін оңайға соққан жоқ. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен Айдосқа жартылай финалда грузиялық Амиран Шавадзе жолықты. Белдесу барысында қарсыласы алғашқы минуттан ұпай санын молайтуға тырысты. Тіпті қазақстандық балуан оған 1:2 есебімен есе жіберіп жатқан еді. Жеңістің қолдан сусып бара жатқанын түсінген ол намысқа тырысты. Нәтижесінде екі тиімді әдісті өзінің пайдасына жазды. Грузиялық балуанды айқын басымдықпен 8:2 есебімен жеңді. Ал финалда Айдос өзбекстандық Алишер Ганиевтің осал тұсын тапты. Осылайша оның есімі қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылды.
Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім берді. Жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз 2018 жылы Әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Сол жетістігін 2022 жылы тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатында алған алтын медаль бар.
Жерлесіміз грек-рим күресімен екінші сыныптан бастап шұғылданып келеді. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды алдына мақсат етті. Оның есімі күрес әлемінде ерте танылды. Ол 2018 жылы 22 жасында Будапештте өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған еді.
– Мен ұлымның жеңіске жететініне сендім. Қазір мол тәжірибе жинаған уақыты ғой. Десе де әлем чемпионатында оған мықты қарсыластар тап болды. Расын айтайын, көңілде үміт пен сенім қатар тұрды. Әрбір жарысқа аттанар сәтте ұлымды әуежайға дейін шығарып салып, ақ батамды беремін. Күн-түні тілеуін тілеймін, – дейді әкесі Сұлтанғали Кеулімжаев.
Айта кетсек, елдің абыройын асырған даңқты балуанымыз бүгін, 23 қыркүйекте туған жерге оралады. Оны спорт саласының мамандары, жанкүйерлер сән-салтанатпен қарсы алмақ.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





