17-18 наурыз күндері Ресейдің Екатеринбург қаласында дзюдодан әлемдік «Grand Slam» турнирі өтеді. Қазақстаннан бұл жарысқа 12 дзюдошы қатыспақ. Олардың қатарында Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов бар.
Бұл спортшының осы жылдағы алғашқы жарысы. Қазір отандасымыз өз салмағында (60 кг) IJF рейтингінде 32 орында тұр. Бір қызығы, «Grand Slam» турниріне Олимпиадада айласын асырып кеткен Беслан Мудранов та қатысады екен. Ресей жеріндегі жарыста Рио Олимпиадасына қатысқан дзюдошы Жансай Смағұлов та бақ сынайды. Сондай-ақ, ерлер арасында Ғұмар Қырғызбаев, Бекжан Абдуалиев пен Әділет Миссин ел намысын қорғайды. Қыздар арасында бұл жарысқа Әйгерім Төреғожина, Севара Нышанбаева, Назгүл Құбашева, Ділбар Өміралиева, Зере Бектасқызы барады. Айта кетейік, 9-11 наурыз күндері Агадирде дзюдодан әлемдік Гран При кезеңі өтті. Қазақстандық дзюдошылар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен жалпы командалық есепте жарысты 38 ел ішінде 6-орынмен аяқтаған болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<