Элизабеттің анасы

42

0

Мәнерлеп сырғанаудан 2019 жылғы әлем чем­пио­натының күміс жүлдегері, әйелдер арасында төрттік сальхов әдісін тұңғыш орын­даған спортшы Элизабет Тұрсынбаева – Сыр елінің ғана емес, қазақтың мақтанышы. Баспасөз бен телеарналар мұз айдынында қарлығаштай қалықтаған Лизаны жарқырата жария­лап келеді. Ал, әлем таныған шынашақтай қыздың анасы кім, ол жайында көптің хабары жоқ болар.
Біз бүгін Элизабеттің анасы Падишахан ­Сұлтан­әлие­ва­ны көктем шуағын шаша келген халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, онымен шағын сұхбат құрдық.
– Падишахан, халық талантты перзент өсірген ана жайында да білгісі келеді. Өзіңіз жайында айтып бері­ңізші.
– Мен көпбалалы қырғыз отбасында өстім. Үпір-шүпір сегіз бала бір нанды бөліп жегенбіз, сол тәрбиеден шығар, көпшіл болдым және нанның қадірін ерте түсіндім. Он алты жасымда Мәскеуге кеттім. Бауырларыма салмақ салғым келмеді, әке-шешеміз қайтыс болды. Алдымен, Мәскеу түбіндегі Орехово-Зуеводағы индустриалды-педа­гогикалық техникумда оқыдым. Оны бітіріп, Мәскеудің өзіндегі агро-инженерлік университетке түстім. Бар мақсатым оқу, жақсы мамандық алу болды.
– Біздің Байтақ бауырымызбен қалай танысып жүрсіз?
– Ол кезде студентпін, күндіз оқып, түнде нан зауытында жұмыс істедім. Демалыс күннің бірінде құрбым екеуміз Үлкен театрдағы операға бармақшы болып келістік. Ерте келген мен екі билет алдым, бірақ құрбым келмеді. Енді екі билеттің бірін өткізу керек болды. Мен сияқты оқып әрі жұмыс істеп жүрген адамға бір билеттің құны да тас­тай салатын дүние емес. Содан «кімге билет керек» деп адам көп жүретін метроның алдына барып тұрдым. Құдайдың бұйрығы ғой, осы бүгінгі отағасы Байтақ менің сол билетімнің сатып алушысы болды. Билет берген қолымның сол адамнан қайта ажырамайтынын ол кезде әрине, білген жоқпын.
– Отбасында нешеусіздер?
– Тұңғышымыз Тимур. Ол қазір Нұр-Сұлтанда, сол жақтағы спорт колледжін бітіріп, жаттықтырушылық жұмыс жасап жүр. Мәнерлеп сырғанаудан спорт шебері. Алдағы уақытта жоғары оқуға түспекші.
– Лиза мәнерлеп сыр­ға­наумен жастай айна­лыс­қан шығар?
– Мәнерлеп сырғанауға төрт жасынан алып бардым. Орта мектеппен бірге қосымша музыка мектебінде де оқыды. Фортопиана ойнайды, жақсы скрипкашы болып шықты. Бірақ, оның бағы спорттан ашылды.
– Өзіңіз немен айналысасыз?
– Мен қазір бірыңғай Лизаның қасындамын, жат­тықтырушы есебіндемін. Осы мақсатпен спорт ака­демиясын да бітіріп шық­тым. Қызымның барлық жағ­­дайына қараймын. Мұз үстінде билеу – ең қиын спорт­тың бірі, жиі жарақат алып қалады. Сондайда емдетем, қолыммен көтеріп жүрем. Осылай Лизаның қа­сында он бес жыл жүріп, бүгінгі дәрежеге жетуіне тілегімді де, жігерімді де сарқа жұмсадым. Канаданың да тұрғыны болдым. Арманым тәрбиелі, жақсы ұл-қыз өсіру еді. Оларды адам қылу үшін алдымен өзің адам болуың керек. Сол қиын жолдардан өттім. Кәсіп жасадым, ақша тауып үй алдым деген сияқты.
– Осы еңбегіңізге ақы төлене ме?
– Оған біреу ақы төлесін деген ой болған жоқ менде. Бірақ, төлену керек екен. Соңғы жарты жылда ғана төлей бастады. Лиза әлемде алғашқы болып төрттік сальховты орындағанда қы­тай­лық­тар «біздің елдің атынан өнер көрсетсін» деп ша­қырды. Алтынмен аптаймын деген ойларын жасырған жоқ. Біз де, Лизаның өзі де оған үзілді-кесілді келіспедік. Себебі отанымыздың патриоты болып қалғымыз келеді.
Біздің табан тірейтін ота­нымыз бар, ол – Қазақ елі.
– Жылы лебізіңізге рахмет.
***
Падишахан өзінің шын мәнінде көпшіл, ашық мінезді екенін көрсетті. «Қазақтың екі баласын елге танытып, биікке көтеріп бердім», – деп риясыз күлді.
«Қос перзентіңіз сол биіктен төмендемесін! Сіздей анаға Сыр елі әмісе разы, басымды иемін», – дедім мен. Осындай жайдары, жарқын жүзді жанмен телефон арқылы ғана тілдескеніме өкініш білдірдім. «Сәуір айын­да Сыр еліне барамын, сонда жолығысармыз», – деп Падишахан күллі жұртқа ыстық сәлемін жолдады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз