Ендігі асу – Әлем біріншілігі

548

0

 Тайбэйдің төрінде тұтас қазақ даласы ән салып тұрғандай болды. Маңдайдан аққан тер тамшы боп жерге тамып жатқанда оның алдымен ойлағаны кіндігімнің қаны тамған жерге маңдайымның тері де сіңсін дегені еді. Он жеті жастағы спортшы татамиге шыққанда елдің Тілегенге тілегені де жеңіс болатын. Артында дүйім елдің артқан сенімі, алдында жарқын болашақ. Міне, дзю-до спортынан жекпе-жекте айқасқан спортшының мақсаты да сол еді…

Тілеген Тынарбай бұ­ға­насы қатпай жатып, спортқа барды. Балалық шағы Жалағашта өткен жалынды жас ерте кезден білікті мамандардан тәжірибе жинады. Бірде-бір жаттығудан қалыс қалмады. Орайын тауып үйренуді көздеді. Ерінбеді. Қажымады, талмады. Ұстазы Арман Молдаханов оны талай сайыс­тың төрінде тарландармен айқас­тыр­ды. Мықтымен сынға түсіп, сағы сынған жоқ, керісінше, өзінен басым түскеннің бойын­дағы артықшылықты бойына жи­нап, ширай түсті.

– Жаттығуларда өзін көрсетіп, ынталы екенін байқатқан шәкіртті бапкер де алыстан таниды. Осы баладан бірдеңе шығады деп, жарыстан қалдырмадым. Қазақстан бойынша да үздік үштікке ілінді. Білесіз бе, біз үшін әрбір шәкірттің болашағы маңыз­ды. Ауданға қара­ғанда сонау Алматыдағы мектептердің мүмкіндігі жоғары. Спорттан кетіп қалмасын деп, қасында қолдау көрсетіп, Алматы қаласында орналасқан Қ.Ахметов атындағы спорт­тағы дарынды балаларға арналған респуб­ликалық мектеп-интернат­қа жөнелттік. Ата-анасы да сенім артып, баласының шешімін құптады. 11-сыныпты бітіргенде де кеңес айтып, саладан жырақтамауын сұрағанмын. Қазір сол жақта спортшыларды даяр­лайтын колледжде білім алып жүр, – дейді Жалағаш ауданындағы №13 балаларға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Арман Мол­даханов.

Аспанасты еліндегі Азия спортшыларының басын қосқан чемпионатқа осындай сенімді арқалап барған Тілеген төрт кездесу өткізді. Ә дегеннен жекпе-жегі жоғары дамыған Солтүстік Кореяның балуанымен шыққанда жанкүйерлер даусы залды жаңғыртып жібергендей еді. Татамиде сынға түскен қос спортшыға көз тіккен жұртшылық тақым қысып отырды. Санаулы секундтар сырғыды. Жүрек дүрсілі жиілеген. Төреші Тілегеннің қолын көтергенде қандастардың қуанышында шек болмады, жанардан бақыттың жақұттай болған көз жасы сырғыды. Мұнан соң Тәжікстан спортшысын да көп ұзатпай сұлатты. Ізін ала моңғолиялықты да жыққан жалынды жас ақтық сынға осылай жолдама алған.

Көгілдір экранға көз тіккен қазақтың қаны тулап, делебесі қозып, ше­­шуші шайқасқа назар салған. Тілеген рухы мық­ты, сағы сынбайтын, қар­сы­­ласын жықпайынша ­тын­­байтын қайсар елдің ұр­пағы екенін көрсетті. Саспады, қаймықпады. Кеу­­десінде жеңіске деген сенім оның әрбір қадамын нық қылған. Жаттықтыру­шылары Жайдар Есенов, Өмірбек Қалменов пен Арман Молдахановтың үй­­реткен ұрыс тәсілі оны жекпе-жектің биік шыңына шығарды.

– Ирандық спортшы­мен шықты. Ақтық сын еді. Шәкіртім ғой, теледидарға кіріп кетердей отыр­дым. Егер жеңіске жетсе, қанша бапкердің еңбегінің жемісі, төккен тердің өтеуі. Қатты қобалжыдық. Әлбетте, бас­тысы жақсы адам болғаны ғой, бірақ көк туды желбіретер мықты спортшы болғаны – жүрек қалау­ың, – дейді бапкер Арман Молдаханов.

Сыр халқы алдыңғы үш спортшыны тізе бүктірген Тілегеннің шешуші сынақтан сүрінбей, мүдірмей өтуін тіледі. Татамидегі екі мықтының беріспес шайқасы жалғаса түсті. Жеңісті кім қолдан бере қойсын. Тұтас елдің атынан шыққасын, арман да – сол үмітті ақтау.

…Межелі уақыт бітіп, қоңырау соғылды. Ортаға төреші шыққанда көрермендердің демі ішінде… Таза жеңіс. Бәрі де қалың қауымның көз алдында өтті. Қалғаны – төрешінің Тілегеннің қолын көтеріп, көк тудың биікке самғауы. Иә, ол да орындалды. «Тілеген Тынарбек, Қазақстан!» деген дауыс шықты. Осы дауыспен бірге уралаған дауыс алып сарайдың ішінде жаңғырып кетті.

Тілеген Тынарбай осылайша 66 келі салмақтағы Азия чемпионы атанды. Құшақтай алған бапкер де қуаныштың құшағында. Олардың жұмысы мұнымен біткен жоқ. Өйткені, алда тағы бір үлкен сын күтіп тұр. Бір айдай ғана уақыт қалды, 24-29 қыркүйек аралығында Ал­матыда өтетін Әлем чемпионатына қатысады. Жас спортшы осы күні Венгрия­да жаттығу үстінде…

Тағы да сәттілік тілейміз.

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<