Бокстан биылғы Азия чемпионаты қазақстандық жанкүйерлерді екіұдай сезімде қалдырды. Финалға шыққан ерлер арасындағы бес былғары қолғап шеберінің барлығы қарсыластарына есе жіберіп, құрама қоржынына алтын медаль сала алмады. Күмістер мен бір қола медаль бар. Ал ерлер арасында өзбектер 6 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль еншіледі. Бұл біз үшін сәтсіздік пе, әлде, бұра тартудың жетегінде кеткен нәтиже ме?
Рас, әлемде қазақ боксының алатын орны ерекше. Гүрзі жұдырықты талай сайыпқыран шаршы алаң төрінде тәмам жұртқа өзінің шеберлігін паш ете білген. Бүгінге дейін Олимпиада төрінде атой салып, Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген саңлақтар баршылық. Қысқаша айтқанда, еліміз дүние жүзінде бокстан алдыңғы қатарда тұрады. Сондықтан әрбір жарыста қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен жоғары нәтиже күтеміз. Бұл бұлжымас қағидаға айналған. Азия чемпионаты алдында да сондай биіктен көрінеміз деген үміт болған. Десе де, сан алуан себептерге байланысты көрсеткіш біз күткендегіден өзгеше өрбіді.
Ұлттық құрама бапкерлері сарықұрлық саңлақтары бас қосқан бәсекеге еліміздің маңдайалды боксшыларын үкілеп алып барды. Олардың қатарында Әлем чемпионатында чемпион және күміс жүлдегер атанған жігіттер бар. Ашығын айтайық, көңілімізде үмітпен бірге күдік те алмасып жатты. Бұдан бұрынғы бәсекелерде талай мәрте төрешілерден ауызымыз күйгені бар. Қара қылды қақ жарады деген мамандардың кейде қазақстандық жігіттерге қысым көрсеткенін несін жасырайық. Күдігіміз бекер емес екен. Ақтық сында қазақстандық боксшылардың жеңісіне шүбәсіз сенсек те, төрешілер қарсыластар қолын көтергенде таңғалуға мәжбүр болдық. Ал кейбір жігіттердің бабы келіспей тұрғанын да аңғардық.
Қызылордалық Сералы Бұқарбаев ағамыз – жарты ғасырдан астам бокс жанкүйері. Азия чемпионатында қазақстандық спортшылардың шеберлік көрсете алмауы дайындықтың азыдығы деп отыр.
– Бірнеше күнге созылған жарыста біздің жігіттердің әзірлігі бір қайнауы кем болғандай көрінді. Жасырып қайтеміз, сырт көзге олардың сылбыр әрекеті байқалып тұрды. Шаршы алаң ширақтық болмаса, кешірмейді. Құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев өзбек Баходир Жалоловпен бұдан бұрын да бірнеше мәрте қолғап түйістірді. Осал тұсын таба алмай, есеміз кетіп жүр. Менің ойымша, бапкерлер оған қарсы өзгеше әдіс-тәсіл қолдануы қажет еді. Тағы да байқамадық. Ал Василий Левитке төрешілер қиянат жасады. Әбілхан Аманқұл да қарсыласынан бір саты жоғары тұрғанын көрдік. Жеңіл салмақтағы Даниял Сәбитке де осындай обалдық жасады деп білемін. Айта кетейін, құрамаға өзгеріс жасалуы қажет. Кейбір салмақта ұзақ жылдан бері ойын көрсетіп жүрген боксшылар бар. Оларда жетістікке жетуден гөрі төмендеу жағдайы байқалады, – дейді ол.
Қазақстандық боксшылардың Азия чемпионатында алтын медальсыз қалуы бұдан бұрын 2002 жылы Малайзияның Серембан қаласында тіркелген. Сол жолы ел құрамасы 1 күміс, 4 қола медальді місе тұтты. Ал өзбектер болса, 5 алтын, 2 қола медальмен еліне абыройлы қайтты. Біз әрбір кемшіліктен сабақ алуға тиістіміз. Қандай олқылыққа жол берілді, соған назар аударуымыз қажет. Өкініштісі, он тоғыз жыл бұрынғы келеңсіздікке тағы да жол беріп қойдық. Біз бұрынғы жылдарда әлемдік деңгейде мықты құрамалар санатына кіретін едік. Кейінгі кезде көтерілген биіктен төмендеп бара жатқан секілдіміз. Кінә кімде? Себебі қалай?
Тағы бір айта кетерлігі, биылғы дода барысында кейбір қазақстандық боксшылар өздерінің үйреншікті салмағында сынға түскен жоқ. Сабырхан Махмуд (56 келі) пен Серік Теміржанов (60 келі) өзге салмақта сынға түсті. Оларға салмақ ауыстыру оңай болмағанын аңғару қиын емес. Екеуі де жартылай финалға жете алған жоқ. Бапкерлерге мұндай тәжірибе жасаудың қаншалықты қажеті болды? Бұл жөнінде олардың тарапынан ешқандай түсініктеме берілген жоқ.
– Құрлықтық дода ел құрамасының жетістігін де, кемшілігін де ашып көрсетті. Менің ойымша, жігіттер аталған жарыста ойдағыдай ойын көрсетті. Кейбір жерінде сәттілік жетіскен жоқ. Ендігі бір сәтте төрешілердің бұра тартуы байқалды. Бабы келмеген боксшылар бар екенін де көзіміз көрді. Жарыс болғаннан кейін мұндай келеңсіздік кездесіп тұрады. Бірақ, әрбір қателігіміз бен кемшілігімізді сараптай білуіміз қажет. Алда Олимпиада жақындап келеді. Шешуші аламан төрінде қазақстандық боксшылардың жұлдызы жарқырай түсеріне сенім артамыз. Екі айдың өзінде қаншама жұмыс жасауға болады. Ал төрешілер мәселесі тағы да ойландырады, – дейді қызылордалық бапкер Жәміл Жүсіпов.
Қысқасы, аптадан астам уақыт бойы көгілдір экранға телміріп қараған қазақстандық жанкүйерлерді ел құрамасының ерлері қуанта алмады. Ал қыздар қайсарлық көрсетті. Ұлттық құрама сапында сынға түкен он қыздың барлығы жүлдесіз қалған жоқ. Олар 8 алтын, 1 күміс, 1 қола еншілеп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Несін жасырамыз, бұдан бұрын ұлттық құрама тізгінін ұстаған Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов сынды мамандар әрбір сыннан қорытынды шығаратын еді. Нәтижесінде олардың шәкірттері талай додада топ жарып, намысты көрсететін. Бәлкім, бапкер Ғалымбек Кенжебаевтан да сондай еңбекқорлықты, жанкештілікті, жауапкершілікті күтерміз.
Қазақ боксының дәуірлей беретініне, әрине сенім жоғары. Жас түлектер өсіп келеді. Тек олардың тауы шағылмаса игі.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<