Мағжан Шамшадин Гран Слэм халықаралық турнирінің қола жүлдегері атанды

732

0

Израиль астанасы Тель-Авив қаласында дзюдодан Гран Слэм халықаралық турнирі өтті. Турнирге біздің аймақтан 3 спортшы барды. Дүбірлі додада 60 келі салмақта өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин қола жүлдеге ие болды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асылжан Жаманқұлов хабарлады.


– Израильде өткен турнирге біздің облыстан Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Салтанат Сұлтанбекова қатысты. Ел абыройын асқақтатып, қола жүлдені қанжығасына байлаған Мағжан осы жарысқа ұзақ уақыт дайындалды. Соның арқасында бүгінде әлемдік додада жоғары нәтижеге қол жеткізді. Сыр спортшыларын әлі талай жеңіс тұғырынан көретініне сенімім зор, – деді басқарма басшысы.


Қызылордалық спортшы Мағжан Шамшадин 12 жасынан дзюдо спортына құштар болған. Осы уақыт аралығында бірнеше жетістіктерге жетіп, әлемдік турнирлерде бәйгеге түсті.


– Бұл жарыста 34 мемлекеттен келген 300-ге жуық спортшы бақ сынады. Былтыр шілде айында өткен әлем чемпионатында Мағжан Шамшадин бесінші орын алған болатын. Үзіліссіз төккен тер мен еңбектің арқасында кешегі өткен жарыста қола медальға ие болды. Алға қойған мақсатымыз өте көп, – деді жаттықтырушы Қален Қалиұлы.


– Қарсыластарымның барлығы осал емес. Дегенмен мен де намысты қолдан бермей, барымды салдым. Алда үлкен жарыстарға қатысу жоспарымда бар. Бізді қолдаған жерлестерім мен спорт сүйер қауымға алғысым шексіз, – деді қола жүлдегер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<