Мөлдірге де медаль жарасар еді

1135

1

Биыл маусым айында қызылордалық каратэ-до шебері Мөлдір Жаңбырбай 55 келіде Париж қаласында өткен лицензиялық турнирде  күміс жүлдегер атанып, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Осылайша Мөлдірге күншығыс еліндегі беделді бәсекеде бақ сынауға мүмкіндік туды.

Жалпы, Мөлдір спортқа қашан келді? Оған әсер еткен кім?Анасымен, бапкерімен пікірлесудің сәті түскен еді.

–Үш баламды өздерін қорғай білсін деген оймен каратэ-доға алып барған едім, – дейді Мөлдірдің анасы Жанар Маханбетова. – Спорттың қай түрі де өжеттікті, қайсарлықты, жігерді қажет етеді емес пе?! Үлкен қызым Арайлым мен ұлым Нұрлыжан кейіннен түрлі себеппен спортты тастап кетті. Мөлдір алған бетінен қайтқан жоқ. Барлық қиындыққа шыдады. Алғашқы бапкері болған марқұм Рүстем Әбжәмиев мықты бапкер еді. Ол кісі Мөлдірді ел біріншілігіне, халықаралық жарыстарға алып барды. Қызымның қазіргі жетістігінің барлығы сол кісінің өлшеусіз еңбегінің жемісі деп білемін. Әрине, алғашқыда мен қызымның осындай биікке дейін көтеріледі деп ойлаған жоқпын. Ендігі мақсаты – Токио төрінде жетістікке қол жеткізу. Қызыма сәттілік тілеймін!

Спорт мамандарының айтуынша, Мөлдірдің жақсы мүмкіндігі бар. Оған шеберлігі жетеді.

– Каратэ-до жапон халқының ежелден келе жатқан спорт түрі. Биыл Олимпиада бағдарламасына тұңғыш рет қосылып отыр. Мөлдірдің қарсыластарының бірқатарын танимыз. Кейбірімен жарыстарда бәсекеге түсті. Сондықтан қолайлы сәт туып отыр деп білемін. Бұл еліміздің беделін, мәртебесін, абыройын айшықтайды. Жарыс ережесі бойынша әр салмақта он спортшы екі топқа бөлініп сынға түседі. Әрбір топта барлығы бір-бірімен кездесіп, үздік шыққан екеуі финалға жолдама алады. Ал финалда төрт спортшы бір-бірімен кездесіп, жүлделі үш орын медалдарын сарапқа салады. Жеребе тарту 4 тамызда жарыс 5 тамызда өтеді, – дейді жеке бапкері Нұржан Ақпанбетов.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<