Өзі ауылда, шәкірттері ел чемпионатында

1241

0

Спорт – қиындығы мен қызығы қатар жүретін сиқырлы өнер. Бүгінде оны жанына серік етіп, ел намысын асқақтатып жүрген спортшылар жетерлік. Ал сол апайтөс балуандар мен тау көтерген толағай спортшылардың артында білікті бапкерлер тұратыны белгілі. Соның бірі – ауданнан ұзамай-ақ талантты жастарды қыран құстай баптап жүрген қазалылық бокс бапкері Азамат Құтпанбетов.

Бекарыстан би ауылында 1990 жылы дүниеге келген Азамат Сағындықұлы мектеп қабырғасында жүріп қазақша күреспен айналысты. Кейін осы қызығушылық оны спортқа алып келді. Нақтырақ айтсақ, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетіне оқуға қабылданып, студент кезінде кикбоксингке ден қойды. Талай талантты бапкердің алдын көріп, тәлімін алған жігерлі жас аталған спорт түрінен республикалық, облыстық жарыстардың жүлдегері атанды. Сөйте жүріп, жаттықтырушылықтың да қыр-сырын меңгерді. Бұл – ол үшін үлкен тәжірибе болды. Осылайша, 2010 жылы аталған білім ордасынан денешынықтыру пәні мамандығын алып шықты.

Сол жылдан бастап ол туған топырақтағы ауыл мектебінде бапкерлік жұмысқа кірісті. Шәкірт тәрбиеледі және онысы тәуір нәтиже берді. Расында, соның әсері болу керек, мұндағы қырмызы қыздар мен жампоз жігіттердің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әсіресе, гүрзі жұдырықты боксшыларының орны бір төбе. Оның Жадырасын Сәбит, Нұрлыбек Хамит, Ержан Өтеміс және Жаннұр Әділбек сынды шәкірттері бокстан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионатында топ жарды.

Осылайша, республиканы мойындатқан маманға небәрі бірнеше жылда жан-жақтан ұсыныс түсе бастады. Сөйтіп кейіпкеріміз 2015 жылы Әйтеке би кентіндегі №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебіне бокс бапкері қызметіне орналасты. Жұмысына жан-тәнімен кіріскен Азамат аз уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізе бастады. Мұнда оның Оңталап Ерхан, Мадияр Қалижанұлы секілді жеткіншектері республикалық ашық турнирлерде де атой салды. Бүгінде олардың жыл сайынғы түрлі байрақты додалардағы жеңістері мен жүлделері жұртшылықты қуантып келеді.

Бала күнінде көшедегі ойыннан спортты артық көрген Азаматтың бүгінде еткен еңбек, төккен тері ақталып отыр. Шәкірттері біршама белестерді бағындырып үлгерді.

– Табан ет, маңдай терің ақталып, оқушыларының биік белесті бағындырғаны кез келген ұстазды қуантпай қоймасы анық. Спорт мектебіндегі балалардың жұдырықтасу өнеріне деген ынта-пейілі ерекше. Жаттығудан қалмайды. Тапсырманы да тыңғылықты орындап отырады. Осындай жүйелі жұмыс болғанда ғана нәтиже күтуге болады. Алда енді әлемдік аренада ел мерейін үстем ететін азаматтар дайындау ниетіміз бар, – дейді тәжірибелі жаттықтырушы.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»