Олимпиада: Олқылықтың орнын қалай толтырамыз?

1019

0

Париж төрінде өткен Олимпиада ойындары мәресіне жетіп, қазақстандық спортшылар жеті медаль олжалап қайтты. Дзюдошы Елдос Сметовтің алтыны жанкүйер тарапынан жоғары бағаланып отыр. Ал грек-рим күресінен Демеу Жадыраев, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, боксшы Нұрбек Оралбай күміс жүлдегер атанса, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай,  мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев еліміздің абыройын аспандатты.

Елге оралғаннан кейін олардың барлығы түрлі марапатқа ие болып жатыр. Президент Жарлығымен жеңімпаз және жүлдегер спортшылар мемлекеттік наградаға ие болды. Елдос бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталса, Демеу Жадыраев, Нариман Құрбанов, Ғұсман Қырғызбаев, Нұрбек Оралбай «Парасат», Назым Қызайбай, Александра Ле, Ислам Сәтбаев «Құрмет» орденіне лайық деп танылды. Десе де, Франциядан оралған спортшылардан коронавирус инфекциясының табылуына байланысты Президент қабылдауы кейінге шегерілді.

Расын айту керек, жанкүйерлер боксшылардан жоғары нәтиже күткен еді. Өкініштісі, кейінгі екі Олимпиадада еліміздің былғары қолғап шеберлері жеңіс тұғырынан көріне алмады. Кезінде талай чемпионды тәрбиелеп шығарған қазақ боксы неге әлсіреп кетті? Токио төріндегі сәтсіздіктен кейін ешқандай сабақ алмаған секілдіміз. Париж Олимпиадасында да тағы жүзімізді төмен салуға тура келді.

2000-жылы Сидней Олимпиадасында еліміздің атынан барған төрт былғары қолғап шебері финалға дейін жетіп, Қазақстан боксының шоқтығы биік екенін дәлелдеген еді. Содан бергі уақытта мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізе алмай жүргеніміз жасырын емес. Ендеше, Париждегі сәтсіздіктің сырын тым әріден іздегеніміз артық болмас. Жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылдан бері тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан Қазақстан 71 медаль алып қайтты. Оның ішінде 24-і былғары қолғап шеберлерінің еншісіне тиіп отыр. Шаршы алаң төріндегі сайыстарда қазақстандық боксшылар 7 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль алды.

Күні кеше еліміздің бокстан ұлттық құрамасына бас бапкер қызметіне Қайрат Сәтжанов тағайындалды. Бұл салада 34 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан маман. Ұлттық  құрама тізгінін 2021-2022 жылдарда ұстаған еді. Ендігі кезекте қазақ боксында үлкен серпіліс болады деген үміттеміз.

Биыл еліміздің дзюдо спорты жоғары деңгейде ойын көрсетті деп бағалауға толық негіз бар. Алтын асықтай жарқыраған Елдос Сметов қатарынан үш Олимпиадада жүлдеге қол жеткізді. Сондай-ақ Ғұсман Қырғызбаевтың да қола жүлдегер атануы еліміздегі дзюдо спортында тың ізденістің бар екенін айғақтап тұр.

Сондай-ақ грек-рим күресінен Демеу Жадыраев та Олимпиадада жүлдегерлер қатарынан көрінді. Елімізде 1980 жылы Жақсылық Үшкемпіров Олимпиада чемпионы атанса, Дәулет Тұрлыханов 1988, 1992 жылдарда елімізге күміс пен қола медаль сыйлаған еді. Қазақ баласынан одан кейінгі жылдарда мұндай жоғары нәтижеге қол жеткізген ешкім болған жоқ.

Жалпы, Олимпиада кез келген спортшының шырқау шегі десек, қателеспейміз. Бұл сол жолда жүрген әрбір жастың бағына бұйыра бермейді. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеу – әрбірінің міндеті. Десе де биыл жетістігімізден гөрі, кемшілігіміз де көзге көрініп тұрды. Оның орнын толтыра аламыз ба? Алдағы төрт жылда жеңіс тұғырынан көрінуге тас-түйін дайын боламыз ба? Көпшілік көкейінде осындай сауалдар бар. Бұл мақсатта жұмыла жұмыс жасаған маңызды. Сонда ғана биік белесті бағындыруға жол ашылады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<