Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан Жазғы Паралимпиада қазақстандық спортшылар жоғары жетістігімен жанкүйерлерді қуантып отыр. Бүгінге дейін олар бір алтын, бір күміс медаль алып үлгерді.
Алдымен Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келі салмақта сынға түсті. Ол сайыс барысында 174 келіні бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл салмақта француз Бурлон Аксель (165 келі) күміс жүлделі болса, қола жүлде грек Бакочристос Димитриоске (165 келі) бұйырды.
Сондай-ақ, кеше пара дзюдошы Әнуар Сариев күміс жүлдегер атанды. Атыраулық спортшы финалда 60 келіге дейінгі салмақта әзербайжандық Вугар Ширинлимен татамиге шықты. Белдесу барысында алдымен В.Ширинли вазаримен алға шықты. Іле-шала Ә.Сариев таразы басын теңестірді. Жекпе-жек соңына таман әзербайжандық дзюдошы тағы бір вазари еншілеп, жеңіп кетті.
Айта кетейік, Ә.Сариев бұған дейін Рио Паралимпиадасына да қатысып, одан жүлдесіз қайтқан болатын. Енді, міне, күміс медальға қол жеткізіп отыр.
Токиодағы Паралимпиадаға дейін Қазақстан құрамасы сапынан екі спортшы жүлдеге қол жеткізді. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында Зульфия Габидуллина еркін мәнерде 100 метрге суға жүзуден чемпион атанды. Сол жолы тағы бір қазақстандық Раушан Қойшыбаева пауэрлифтингтен әйелдер арасында 67 келіде күміс жүлдегер атанды.
Дүбірлі дода 24 тамыз және 5 қыркүйек аралығында өткізіледі. Аталған жарыста еліміздің атынан барған 26 спортшы спорттың 7 түрінен сынға түседі.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<