«Қайрат» Чемпиондар лигасы плей-офф сатысына шықты

285

0

Алматылық «Қайрат» футболдан UEFA Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасын қапы қалдырып, өз тарихында плей-офф сатысына шықты.

«Слован» командасы 1919 жылы құрылған. Өз елінде 15 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Сондай-ақ 5 мәрте күміс, 6 мәрте қола жүлдегер атанды. Оған қоса 10 мәрте Словакия кубогын төбесіне көтерді.

Словакиялық клубтың бас бапкері Владимир Вайсс 2013-2015 жылдарда «Қайраттың» тізгінін ұстаған еді. Қазіргі құрамында 2019-2021 жылдарда қазақстандық «Қайсар», «Астана» клубтарының намысын қорғаған армениялық футболшы Тигран Барсегян ойын көрсетеді.

Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Қайрат» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Жалғыз голды 90-минутта алматылық клубтан Дастан Сәтпаев пенальтиден соққан еді. Сондықтан алғашқы минуттан словакиялық футболшылар алға қарай ұмтылды. Десе де оған алматылық команда лайықты тойтарыс беріп жатты. Ойынның 30-минутында қазақстандық клубтың қорғаушылары алаң ортасында өрескел қателікке бой алдырды. Нәтижесінде «Слован» сапынан Роберт Мак «Қайрат» қақпасын дәл көздеп, екі ойынның нәтижесімен таразы басы теңесті.

Екінші кезеңде қазақстандық команда гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Дегенмен өз мақсатына жете алған жоқ. Екі ойынның нәтижесімен таразы басының тең болуынан ойын қосымша кезеңге жалғасты. Қосымша кезеңде жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде алматылық футболшылар жеңіске жетті.

Енді «Қайрат» UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтик» командасымен ойнайды.

Алматылық футболшылар бірінші және екінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0) қапы қалдырып кетті.

Сондай-ақ 14 тамызда елордалық «Астана» Конференция лигасы үшінші іріктеу кезеңінде өз алаңында Швейцарияның «Лозанна» командасын қабылдайды.

«СБ» ақпарат