Жарты ғасырдан астам Сыр өңірінің намысын абыроймен қорғап келе жатқан «Қайсар» командасы еурокубоктағы тұсаукесер ойынын өткізді. Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда Кипрдің АПОЭЛ клубын қабылдады.
Қазақстандық жанкүйерлер бұл клубтың шеберлік деңгейін жақсы біледі. Кипрлік футболшылар бұдан бұрын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсті. Азулы қарсыластарымен терезесі тең ойын көрсетті. Сондықтан «Қайсарға» жеребе жолдас бола қойған жоқ деуге негіз бар.
Біздің команда мұндай бәсекеде тұңғыш мәрте бақ сынап отыр. Көп жағдайда тәжірибенің аздығы да кедергісін келтіреді. Десе де, әрбір кездесу команда үшін шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік.
Ойын барысынан байқағанымыз, «Қайсар» футболшылары жанкүйер сенімін ақтауға бар күшін салды. Төреші ысқырығы естілген сәттен алға қарай ұмтылды. Осындай сәттердің бірінде команда капитаны Асхат Тағыберген қақпаға алыстан шірене тепті. Оны АПОЭЛ қақпашысы Жоау Маседу кері қайтаруға мәжбүр болды. Сол сәтте қақпа маңында тұрған «Қайсар» шабуылшысы Элгуджа Лобжанидзе бұл мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.
Бұдан кейін кипрлік команда да бірнеше қауіпті шабуылдарды ұйымдастырды. Олардың қатарынан Томас Де Винсенти 15-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Ал 25-минутта Ануар Тухами АПОЭЛ-ді алға шығарды. Ал екінші кезеңде Омер Атцили 48, Томас Де Винсенти 90-минутта мергендік танытып, қорытынды есепті белгіледі. АПОЭЛ клубы «Қайсардан» 4:1 есебімен басым түсті. Жеңімпаз бір ғана ойын нәтижесімен анықталды. Жарысты кипрлік клуб жалғастырады.
Биыл Еуропа лигасында қазақстандық клубтар сәтсіз ойын көрсетті. Алматыда елордалық «Астана» Черногорияның «Будучность» клубына 0:1 есебімен жол берді. Ал Алматының «Қайраты» Израильде «Маккаби» (Хайфа) клубынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<