Биыл қызылордалық «Қайсар» тек қазақстандық футболшыларға сенім артады дегенде жанкүйерлер сан түрлі пікір айтты. Өйткені отыз жылдан астам уақыттан бері ел біріншілігінде ешбір команда мұндай қадамға барған емес. Әйтсе де, алғашқы болып Қызылорда облысының басшылығы тәуекелге бел буды. Сондай-ақ биылғы жылдан бастап қазына қазанынан легионерлерге жалақы төлеуге тыйым салынды. Бұл қазақстандық клубтардың ендігі кезекте ел біріншілігінде негізінен отандық футболшыларға сенім артуына жол ашты. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Қайсар» мұндай жаңа бастамаға ертерек қамданып қойды. Қазір сол жоспардың дұрыстығына көзіміз айқын жете бастады.
Ресейлік маман Виктор Кумыков қызылордалық клубтың тізгінін ұстағанына екі жылдың жүзі ауды. Сол уақыттан бері команда сауатты ойын көрсетіп жүр. Жерлестеріміз еліміздің беделді клубтарымен терезесі тең ойнап, кейбірінде оларды қапы қалдырып кетті. Дәл осындай нәтиже жексенбіде өз алаңында өткен «Ордабасымен» ойында да тіркелді. Шымкенттік футболшылар жылма-жыл ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көрініп, еурокубок ойындарында ел намысын қорғайды. Оған қоса құрамына шеберлігі шыңдалған шетелдік және қазақстандық ойыншыларды тартты. Тағы бір айта кетерлігі, алғашқы айналымда «Қайсар» қарсыласынан жеңіліп қалған еді. Ендеше, қызылордалық футболшылар сол кеткен есесін қайтаруға күш салатыны анық еді.
Алғашқы минуттан алаң иелері алға қарай лап қойды. Дегенмен оған «Ордабасы» командасы лайықты деңгейде тойтарыс берді. Әрине, мұндай сәтте қызылордалық футболшылар да сыр берген жоқ. Шабуыл шебінде көбірек бой көрсетіп, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Олардың екпініне төтеп бере алмаған шымкенттік қорғаушылар өзінің айып алаңында «Қайсар» ойыншыларына қарсы дөрекі қимыл көрсетті. Осындай сәттің бірінде «Ордабасы» қақпасына пенальти белгіленген еді. Оны шабуылшы Айбар Жақсылықов қақпаға дарыта алған жоқ. Арада алты минут өткенде тағы да белгіленген он бір метрлік айып добын Айбар мүлтіксіз орындады.
Екінші кезеңде қарсыластар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де оған қарсы қызылордалық қорғаушылар сауатты ойнай білді. Соған қарамастан 76-минутта «Ордабасы» сапынан Никола Антич Нұрымжан Салайдин қорғаған қақпадан саңылау тауып кетті. Осылайша кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.
Матч барысында қызылордалық жанкүйерлер трансферлік кезеңде қатарға қосылған Ерсұлтан Қалдыбеков, Димаш Серікұлы секілді жаңадан қосылған футболшылардың шеберлігіне тәнті болды. Олар сауатты ойнай білді.
Биылғы футбол маусымы мәресіне жақындап келеді. Енді әрбір команда үшін небәрі 6-7 ойын қалды. Қазір үздіктер қатарынан орын алатын клубтар айқындалып келеді. Сондай-ақ Премьер-лигадан түсіп қалу қаупі туындап тұрған командалар да бар. Қызылордалық футболшылар жыл басында «Қайсар» барлық қарсыласынан жеңілістің ащы дәмін татып, бірінші лигаға ұшып кетуі мүмкін» деп сәуегейлік танытқандардың пікірін теріске шығарды. Тағы бір мамандар болжаған «Қазақстанда легионерсіз футболдың дамуы мүмкін емес» деген пікірдің де дұрыс еместігіне көпшіліктің көзін жеткізді. Қазақстандық жас таланттардың жарқырай көрінуіне жол ашқан «Қайсардың» жоспары мен мақсаты айқын. Қазірдің өзінде бұл жобаның тиімділігіне жанкүйерлердің көзі жете бастады.
Қазақстандық ойыншылардан құралған «Қайсар» қаржылық қуаты жоғары «Астана», «Қайрат», «Тобыл» секілді командалардан өз алаңында ұпай бөлісті. Осының өзі жоғары бағалауға тұрарлық.
Енді жерлестеріміз жеті ойын өткізеді. Оның екеуі өз алаңында өтсе, қалғанында қарсыластарына қонаққа барады. Сол ойындарды ұпай қорын молайта түсетіні анық. Сондықтан алдағы уақытта команда турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, жанкүйер үмітін толық ақтайды деген сенімдеміз.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»






