«Қайсар» жастарға сенім артады

1155

0

Биыл бірінші лигада доп тебетін Қызылорданың «Қайсары» 6 сәуірде Қазақстан кубогының бірінші кезеңінде Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын қабылдайды. Жарыстың аталған сатысынан өткен жағдайда олар «Байқоңыр» мен «Жас сұңқар» жұбының жеңімпазымен кездеседі. Ал 17 сәуірде біріншіліктің алғашқы ойынында Шымкенттің «Оңтүстік академия» клубымен кездесу күтіп тұр.

Жаңа маусымға дайындық барысында қызылордалық клуб үш оқу-жаттығуын өткізді. Оның екеуі қалада өтсе, біреуі Түркияда жүргізілді. Жиын барысында 50-ге жуық футболшы қаралымнан өткізілді. Олардың арасынан 25-і іріктеліп, команданың негізгі құрамына қосылды. 

– Жергілікті жанкүйерлер командадан үлкен табыстар күтеді. Біз алдағы жылы қайтадан үздіктер қатарына қосылуға бар күшімізді саламыз. Осы мақсатта жұмыла жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Рас, бірінші лигада да бізді тәжірибелі клубтар күтіп тұр. Әрбір кездесуіміз оңай тиеді деп айта алмаймыз. Десе де, үміт артып отырған жастарымыз жасыл алаң төрінде жақсы ойын өрнегін көрсетеді деген сенімдеміз. Осы мақсатта бапкерлер құрамын жинақтауға назар аудардық. Команда тізгінін жергілікті белгілі маман Сұлтан Әбілдаев ұстады. Былтыр ол премьер-лигада алғашқы ойындарда «Қайсардың» бас бапкері болды. Қашанда сәттілік пен сәтсіздік қатар жүреді емес пе? Команданың  төмен  нәтижені  місе  тұтуының түрлі  себебі  болуы мүмкін. Сондықтан жыл соңында Сұлтанға тағы бір мүмкіндік беруге шешім қабылдадық. Оған  біршама себеп бар. Біріншіден,  ол  жергілікті футболдың қыр-сырын жақсы біледі. Қандай талантты жастар бар екенін көріп жүр. Айта кетерлігі, бұдан бұрын ол екі мәрте «Қайсарды» премьер-лигаға алып шықты. Қысқасы, алдымызға қойылған негізгі мақсатты толықтай орындаймыз деген үміттеміз, – деді  «Қайсар» футбол клубының директоры Жағыппар Жұмахметов.

«Қайсарға» биыл облыстық бюджеттен 605 млн теңге қаралған. Ол команданың өзіне, екінші лигада сынға түсетін «Қайсар U-21» клубына және футбол орталығына жұмсалады.

Директор журналистермен жүздесуінде бапкерлік штаб жаңарғанын атап өтті. Спорт директоры қызметіне бұрынғы белгілі футболшы Серік Сағындықов бекітілді. Ол еліміздің белгілі клубтарының жейдесін киді, 2003, 2010-2013 жылдары қызылордалық команданың намысын қорғады. Ал бас бапкердің көмекшісі қызметін танымал маман Марат Еслямов атқарады. Тәжірибелі бапкер былтыр Павлодар облысының «Ақсу» командасын премьер-лигаға алып шықты. Сондай-ақ, ойыншылардың дене дайындығына Қанат Әлиев  жауап берсе, Артур Ким қақпашылар әзірлігіне назар аударады.

Оқу-жаттығу жиындары барысында бапкерлер құрамы шетелдік, қазақстандық және жергілікті футболшыларға іріктеу жүргізді. Нәтижесінде  алдымен қызылордалық Нұрымжан Салайдын, Нұрмат Сәрсенов, Елжас Сарбай,  Мағжан Бауыржан, Абылайхан Төлегенов, Ислам Әбілқасов, Мақсат Байжанов, Бекзат Құрманбекұлы, Аян Құлмағанбетов, Өркен Махан, Елжас Алтынбеков алғашқылардың қатарында команда құрамына қосылды.

Ал 1-16 наурыз аралығында Түркияда өткізілген оқу-жаттығу жиынында команда 4 жолдастық кездесу өткізді. Олардың қатарында  Украинаның «Альянс», Данияның «Ишой», Швецияның «Эстерсунд» және ресейлік «Шинник» командалары бар.

– Биыл негізінен жергілікті түлектерге үміт артамыз. Атап айтқанда, 23 ойыншының  11-і қызылордалық жастар болса, 5-і қазақстандық өзге клубтардан келді. Оған қоса командада 2 легионер, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерден 3 футболшы бар. Клубқа еліміздің өзге командаларынан Руслан Сақалбаев («Каспий»), Никита Калмыков («Ақсу»), Демият Сламбеков («Ақсу»), Амаль Сейітов («Қыран»), Нұрбол Әнуарбеков («Ақсу»), Елисей Горшунов («Тараз-Қаратау»), Дидар Жалмұқан («Ақтөбе»), Әділбек Жұмаханов («Атырау»), Константин Горизанов («Шахтер») келді. Ал Беларусьтен Артем Дылевский («Белшина»), Сергей Бондаренко («Смаргонь»), Кирилл Сидоренко шақыру алды. Өзге мемлекеттерден гвинеялық Мамаду Диалло («Энергетик»-БГУ, Беларусь), бразилиялық Жоау Педро де Оливейра («Ферровиарио») команда жейдесін киетін болады. Бүгінде команданың басым бөлігі Қызылордада алдағы маусымға дайындық жұмыстарын пысықтауда. Ал М.Диалло мен  Ж.Педро құжаттар рәсімдеуіне байланысты сәуір айында келмек, – дейді Сұлтан Әбілдаев.

Айта кетерлігі, биыл екінші лигада «Қайсар U-21»  командасы бақ сынайды. Жастарды белгілі маман Марат Сәрсенов баптайды. Оған негізінен 17-18 жастағы жергілікті түлектер тартылды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<