«Қайсардың» жігерлі ойыны

273

0

Фото: Сыр спорты

Футболдан Қазақстан біріншілігінің екінші айналымының басталғанына бес тур өтті. Доп додасы мәресіне жақындаған сайын тартыс күшейе түсті. Алдыңғы бестікте келе жатқан клубтар бас жүлдені сарапқа салса, төменгі жағында орналасқаны үздіктер қатарында қалуға тырысады. Биыл құрамын толықтай қазақстандық ойыншылардан жасақтаған қызылордалық «Қайсар» әрбір кездесуде жанкүйер көңілінен шығуға күш салып келеді. Сенбіде өз алаңында өткен Петропавлдың «Қызылжарымен» ойында да сол сөзімізді тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Төреші ысқырығы естілген сәттен шабуылға шыққан жерлестеріміз жылдам гол соғып үлгерді. Әріптесі Айбар Жақсылықовтың берген пасын жартылай қорғаушы Өркен Махан тиімді пайдалана білді. Оң қанаттан доппен айып алаңына дейін емін-еркін жеткен ол қақпа маңына барған сәтте «Қайсардың» тағы бір ойыншысы Никита Губаревтің ашық қалғанын байқады. Оған допты ыңғайлы түрде шығарып берді. Оны Никита Губарев мүлт жіберген жоқ. Осылайша қызылордалық клуб небәрі 3-минутта алға шықты.

Қос команданың бұдан кейін де есепті өзгертетін көптеген мүмкіндігі болды. Дегенмен қарсыластар бұл сәтте сауатты ойнай білді. Өрескел қателікке бой алдырған жоқ.

Екінші кезеңде петропавлдық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Мұндай сәтте «Қайсар» қақпашысы Нұрымжан Салайдин жойқын соққыларға тойтарыс берді. Қызылордалық қорғаушылар сенімді ойынымен көзге түсті. Нәтижесінде таблодағы есепке ешқандай өзгеріс енген жоқ.

Кездесу барысында жерлестеріміз қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 17 ұпаймен оныншы орынға көтерілді. Енді олар 3 тамызда сырт алаңда елордалық «Астана» командасымен кездеседі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»