Қызылорда халқы ғана емес, тұтас қазақ елі Токио олимпиадасында боксшылар арасында Қамшыбек Қоңқабаевқа үміт артып отыр. Сыр ұланы үшін сол үмітті ақтау – үлкен міндет. Қамшыбек биыл дүбірлі доданың ашылу салтанатында еліміздің туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Оған қоса бокстан ұлттық құрама капитаны деген атағы тағы бар. Ұлтының сенімін арқалаған азамат күншығыс елінде өтіп жатқан беделді бәсекедегі тұсаукесер жекпе-жегін сәтті бастады.
Жерлесіміз 91 келіден жоғары салмақтағы бірінші жекпе-жекте египеттік боксшы Юсри Резк Мұстафа Хафезбен қолғап түйістірді. Египеттік спортшы бұрын Қамшыбекпен шаршы алаңда жолыққан емес. Ол жайында мәлімет жоқ. Қай кезде де мұндай жұмбақ қарсыласпен сынға түсу оңай емес. Жекпе-жек барысында алдымен оның шеберлік деңгейін таразыға тартып алуың тиіс. Содан кейін ғана оның осал тұсын ой елегінен өткізіп, жеңіске жету жолын іздейсің.
Алғашқы раундта жанкүйерлер Қамшыбектің қарсыласына жойқын соққылар беруден бұрын сырын білуге тырысқанын байқады. Уақыт өте келе, ол египеттік боксшыны тықсыра бастады. Шаршы алаңның қай тұсында да соққысын дәл тигізіп, біршама есеңгіретіп тастады.
Осылайша қарсыласын айқын басымдықпен ұтқан Қамшыбек Қоңқабаев Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты. Ол үш раундта да басым болды. Әсіресе қазақстандық боксшының сол қолмен ұрған соққылары қарсыласына ауыр тиіп жатты. Төрешілердің бәрі бірауыздан Қамшыбек Қоңқабаевты жекпе-жектің жеңімпазы ретінде таныды.
Алғашқы жекпе-жегі жайында Қамшыбек журналистерге өзінің ой-пікірін былайша білдірді.
– Жекпе-жекте ойымдағы әдістерімді толықтай орындай алмадым. Бірінші кездесуім болғаннан кейін қобалжу да жоқ емес. Жеңіс үшін бар күш-жігерімді салдым. Қарсыласым да осал емес, физикалық тұрғыдан мықты әрі бойшаң. Кейбір әдістерім жақсы шықса, енді бірі өтпей қалды. Сол үшін әр кездесуге дайын болу керек. Келесі қарсыласым да осал емес. Ресейлік боксшымен спаррингтік кездесулер өткіздім. Бірақ жарыс кезінде бәрі де басқаша болатыны анық. Көпшілігі мені Өзбекстан намысын қорғайтын Бахадор Жалоловпен кездестіруге асық. Бірақ мен үшін әрбір қарсылас мықты. Себебі, бұл – Олимпиада. Елімізді қуантуға дайынбыз, бар күшімізді саламыз», – деді Қамшыбек.
Әділжан Үмбет,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<