Қазақстандық спортшылар Қытайға жетті

681

0

Қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қазақстандық спортшылардың алғашқы бөлігі Қытай еліне табан тіреді. Барлық спортшылар мен бапкерлер ұшар алдындағы аптаны карантинде өткізді. Олар жеке жаттығу жасады. Делегацияны арнайы әуе рейсі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жеткізді. Аталған рейспен конькимен жүгіру, фристайл-могул, шорт-трек, тау шаңғысы, шаңғымен тұғырдан секіру және шаңғы қоссайыстан ұлттық құрамалар келді.

Қорытынды жиынды шетелде өткізіп жатқан биатлон, шаңғы жарысы және шаңғы акробатикасынан ұлттық құрамалар Қытайға өз бағыты бойынша келеді.

– Біз үшін ең басты мәселе – команданы жарыс өтетін жерге тез әрі қауіпсіз жеткізу, қажетті заттармен қамтамасыз етіп, атлеттер мен бапкерлердің денсаулығын сақтау. Қазіргі жағдайда бұл – өте қиын жұмыс, біз логистиканы ұзақ уақыт бойы жоспарладық. Мейлінше, қауіпсіздік сақтауға бар күшімізді салдық. Ұлттық олимпиада комитеті мен өзге де әріптестерімізде үлкен жауапкершілік болды,  – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков.

Қазақстандық спортшылар дүбірлі додаға дайындық барысы жөнінде айтып берді.

– Олимпиада ойындары – бәріміз үшін толқитын сәт. Біз жоғары жетістікке жетуден үміттіміз және мұндай жауапты жарыста бар күшімізді саламыз. Осындай қиын кезеңде барлық жағдайды жасап, қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысы мен Үкіметке, Ұлттық Олимпиада комитетіне алғыс айтамын. Біз қандай кезең болса да, жаттығуды үзген емеспіз, – деді Қазақстан командасының ту ұстаушысы, шорт-тректен құрама көшбасшысы Абзал Әжіғалиев.

Олимп шыңын бағындыруға шаңғымен тұғырдан секіруші спортшылар күш саламыз дейді. Бұл жайында команда мүшесі Сергей Ткаченко өзінің көңіл-күйін бөлісті. «Олимпиадаға жолдама алып, еліміздің атынан сынға түсетініміз үшін қуаныштымын. Бейжіңдегі ойындарға қатысатынымды естігенде, бірден дайындала бастадым. Қазір екіұдай сезімдемін. Дайындық жақсы өтті. Карантинде жаттығу жасадық. Ешқандай қобалжу мен ыңғайсыздық байқаған жоқпын», – деді ол.

Александра Троицкая Олимпиадада тау шаңғысынан сынға түседі. Спортшы төртжылдық додасында Қазақстан намысын қорғау үлкен абырой екенін жасырмайды.

– Қазақстан намысын Олимпиада ойындарында қорғау – үлкен абырой. Бұл төрт жылдан бергі менің арманым еді. Міне, сол арманым орындалуда. Олимпиада құрамасына енгенімді естігенде қатты қобалжыдым. Өйткені, бұл мен қатысатын әлемдік деңгейдегі маңызды дода, – деді шаңғышы.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл ойындарға әлемнің 95 елінен 4 мыңнан астам спортшы қатысады. Онда 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бейжіңдегі олимпиадалық команда құрамында 34 спортшымыз ойын көрсетеді. Бұл көрсеткіш алдыңғы олимпиадаларға қарағанда аз. Ал спорт түрлеріне келсек, айтарлықтай өзгеріс жоқ – 87 лицензия бар. Осы аптада басқа спорт түрлері бойынша нақтыланады. Лицензиялардың басым бөлігін шаңғышылар (35), конькимен жүгірушілер (12) және биатлоншылар (12) жеңіп алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<